Қоғам

Елбасы шығармаларының жаңа жинағы таныстырылды

 

 

 

 

 

Мәртебелі қонақтар алдымен Елбасының туындылары мен ұлт көшбасшысы жайында жазушылар мен саясаткерлердің еңбектері қойылған “Әлем назарындағы тұлға атты” көрмені тамашалады. Көрме тәуелсіз Қазақстанның жүріп өткен жолын, елімізге деген өзге мемлекеттер өкілдерінің көзқарасын, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының туы астындағы жылдар сияқты тақырыптарды қамтыған. Ал сөреден тағы екі кітапқа елеулі орын берілген. Жиналғандарға осы екі томдықтың ерекшелігі жайында кеңінен айтылды. Елбасының таңдамалы шығармаларының екі томдығы   Мәскеудің “Экономика” баспасынан шыққан. Қазақстан көшбасшысының еңбектерінің тұсауы да сонда кесілген. Ал еліміздегі таныстырылым Солтүстік Қазақстан облысында бірінші болып өтті.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Екі томдыққа енгізілген маңызды құжаттың бірі -сонау тоқсаныншы жылдардың соңында ширек ғасыр бұрын елдің дамуын бағдарлаған ұзақ мерзімді “Қазақстан -2030” стратегиясы. Осы стратегия аясында жыл сайын жасалатын халыққа жолдау барша қазақстандықтар үшін негізгі бағдар болып отыр.

Екі томдыққа алғысөзді экономика ғылымдарының докторы Нұртай Абықаев пен Еуразиялық экономикалық қауымдастық мәселелерін стратегиялық зерттеу институтының ректоры, Ресей мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Анатолий Спицын жазған. Ғалым Солтүстік Қазақстан облысындағы тұсаукесерге арнайы келіп, қатысты. Ұзақ жылдар өзі Қазақстанда еңбек еткен, бүгінде ел өмірін назардан шығармайтын Анатолий Спицын Елбасының бұл қос томдығының маңызын ерекше бағалайды.

  Анатолий Спицын, Ресей мемлекеттік қызмет академиясының профессоры:

-Мен еш қоспасыз бұл еңбектер үлкен зерттеулерде қолданылады деп айта аламын. Және бұл еңбектерді тек қазақстандық, не ресейлік ғалымдар ғана емес АҚШ-тың үлкен ғалымдары пайдаланатындығына мен сенімдімін. Өйткені көптеген батыс елдерінде жұмыссыздық көбейді. Яғни дағдарыс әлі де бар. Ал бұл еңбек көпшілікке стратегиялық бағдар береді.

Осы кітаптардың шығуына өз үлесін қосқан «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы Нұралы Бектұрғанов кітаптың екінші томына көбірек тоқталды. Себебі бұл томда Нұралы Сұлтанұлының жанына жақын инновациялық технологиялар саласы ерекше қамтылған. Сондықтан ғалым әр қазақстандықтың кітап сөресінде осы екі томдық тұрса дейді.

  Нұралы Бектұрғанов, «Парасат» ұлттық ғылыми- технологиялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

-Біздің Президент экономикалық дағдарысты кешенді түрде қарау керек дейді. Экологиялық, энергетикалық, техникалық дағдарыс. Осыдан қалай шығуымыз керек, соны жазып беріп отыр. Осы кітап әркімнің қоластында болуы керек.

Тұсаукесерде Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан қол жеткізген асулар жайында айтылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кездескен қиыншылықтарды қайыспай еңсерген Қазақстан өзгелерге үлгі боларлықтай. Мемлекет басшысының талабымен құрылған Ұлттық қордың арқасында халық дағдарыстан қиналмай шықты. Елбасының бұл кезекті еңбегінде дағдарыстың да түр-түрі келтіріледі. Сенат депутаты Анатолий Башмаков Президенттің адам жанының дағдарысы болмасын деген қағидасын ерекше атайды.

  Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Бірінші томын алып қарасақ, алғашқы сөздерден-ақ жылылықты, өзіңізге деген қамқорлықты сезінесіз. Мына сөздерге көңіл аударыңыздар: “Тағдыр біздің үлесімізге қиын шешім қабылдауды бөлді” дейді. Осы сөздерімен көпшілікке ой салады, әрине, барлығымыз бірге атқарамыз дейді, бірақ жауапкершіліктің үлкені Елбасының өзінде екендігін сеземіз.

Елбасының екі томдығы әзірге 1000 данамен шыққан. Облыс кітапханаларына қазірдің өзінде 40 шақты данасы түскен. Бүгінде  жинақ оқырман қауымның шынайы бағасын алып жатыр.   

Әсем Рахметова