Өнеркәсіп

Ғалымдар, инженерлер және әкімдік арасындағы ынтымақтастық

 

 

 

 

Бұл кездесу Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан және Армения ғалымдарының басын қосты. Жиналғандар ел экономикасына қазіргі заманғы отандық және шетелдік технологияларды енгізу тетіктерін талқыламақ. Жиынды жүргізген академик, техника ғылымдарының докторы Асқар Күлібаев ең алдымен облыс әкімі Серік Біләловке “Инженерлік істі дамытудағы еңбегі үшін” төсбелгісін табыс етті. Облыс әкімі бұл кездесудің солтүстікқазақстандықтар үшін маңызы үлкен екенін айтып, бірлескен жұмыстың жемісті болатынына сенім білдірді.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Бүгін СҚО-да маңызды оқиға. ҚР Ұлттық инженерлік Академиясы президиумының көшпелі отырысы өтіп жатыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруда өндіріске ғылыми зерттемелерді енгізу қажет. Алға қойған мақсат-міндеттерді іске асыруда бұл кездесу зор серпін береді деген сенімдемін.  

Кездесуге құқық қорғау органдарының өкілдері арнайы шақырылған екен. Асқар Күлібаев оның өзіндік сырын ашты.

 Асқар Күлібаев,  ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы:
 – Бизнес пен ғылымға кедергі келтірмеу керек. Олар еркін демалу үшін.  Ресейде солай, бізде де жуық арада солай болады деген ойдамын.

Жиынға қатысушылар отандық ғылымның мүмкіндіктерін сөз етті. Кенжелеп қалған бұл саланы дамытуға бүгінде елімізде үлкен көңіл бөлініп отыр. Өйткені экономиканың басым бағыттарына қазіргі заманғы технологияларды енгізу – бүгінгі күн талабы.

  Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, халықаралық инженерлік академиясының академигі:
-Соңғы он жылда отандық ғылымды қаржыландыру көлемі бес есе өсті. 2020 жылға қарай көрсеткіш ішкі жалпы өнімнің екі пайызын құрайтын болады. Бұл ғылымды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деген сенім мол. Кеңес Одағы кезінде Қазақстан үшінші орында болатын. Осы орайда отандық ғылымды дамыту – бүгінгі күні алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі.

Ғалымдар біздің өңірмен әріптестік орнатуға әзір. Қолдағы жаңа ғылыми зерттемелермен бөлісуге дайын. Мамандарды даярлауда да көмек қолын созбақ. Ғалымдар облыс әкімдігі жанынан инновациялар мен жаңа технологиялар кеңесін құруды ұсынып отыр. Айтылғандардың барлығын құжат жүзінде бекіту үшін жиылғандар ынтымақтастық жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойды. Облыстық әкімдік, Ұлттық ғылым және инженерлік академия арасындағы  бұл әріптестік өңіріміздің индустриялық-инновациялық дамуына тың серпін бермек. Кездесу соңында Асқар Күлібаев облысымыздағы ірі кәсіпорындардың жетекшілеріне академия кеңесшілерін куәліктерін табыс етті.

 

Айымгүл Әбілева