Билік

“Нұр Отандағы” қабылдау



 

 

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының қабылдауына бірінші болып кірген Жанат Шапанов Солнечный кенті тұрғындарының өтінішін айта келген. Оларға баспаналарын электр желілеріне қосуға көмек керек. Зеленое кольцо көшесіндегі бірнеше үй үш жылдан бері жарықсыз отыр. Жағдайдың анық-қанығын білу үшін Серік Біләлов “СКРЭК” кәсіпорнының басшысына хабарласты. Виктор Тэннің айтуынша, бұл үйлер қосылуы тиіс трансформаторлық қосымша станцияны біреулер тонап кеткен. Қазір ол қалпына келтіріліп жатыр. Серік Біләлов бұл мәселені қазанның жиырма бесіне дейін шешеміз деді. Жеті баланың анасы Гүлнәр Серкеева баспана мәселесін шешіп беруді сұрай келген. Қала тұрғыны 2005 жылдан бері кезекте тұр. Жалпы кезек бойынша 367, ал көпбалалы ана ретінде 207-ші екен. Қазір отбасымен облыс орталығындағы жатақханалардың бірінде тұрып жатқан көпбалалы ана қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырумен келеді. “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Біләлов мәселені біржақты ету үшін уақыт керек екенін айтып, орынбасарына тиісті тапсырма берді.

Серік Біләлов, “Нұр Отан” ХДП СҚО филиалының төрағасы:
-Баспана жағдайын барып көру қажет. Кезекке тұруға қатысты барлық құжаттарды жіті тексеру керек.

Биыл жаңа оқу жылында көпбалалы отбасыға көмек көрсетілмеген екен. Облыс әкімі демеуші тауып, жәрдем жасау қажеттігін де айтты. Ал Аққайың ауданы Қаратомар ауылының тұрғыны Анатолий Беличенконың тұратын үйі жоқ екен. Баспанасы биыл өртеніп кеткен. Аудан басшылығы бірнеше үй ұсынған екен, бірақ , бір қызығы, ол бас тартыпты. Зейнеткер келіссе, жергілікті билік Астраханка ауылынан пәтер алуға қаражат бөлмек. Бұл күні “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының қабылдауына жеті адам жазылды.
 

 

Айымгүл Әбілева