Билік

Облыс әкімінің Айыртау ауданына жұмыс сапары

 

 

 

 

Облыс әкімі Серік Біләлов алдымен Айыртау ауданындағы Үкілі Ыбырай ауылына соқты. Елді мекеннің аты осыған дейін Өскен  болыпты. 10 күн бұрын  ауылға  осы жердің тумасы, халық сазгерінің есімі берілген.   40-тан астам музыкалық мұра қалдырған күміс көмей әнші, сазгер Үкілі Ыбырайдың 150 жылдық мерейтойы биыл атап өтілмекші. Сондықтан ауылдағы мәдениет үйі де басты назарда болмақ. Өңір басшысы мәдениет үйінің жағдайымен танысты. Серік Біләлов биыл күрделі жөндеуден өткен негізгі мектепке де бас сұқты.  3 млн теңгеге  білім ордасының шатыры, жылу құбырлары мен қазандығы жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.  1млн. 200 мың теңгеге оқу процесіне қажетті жабдықтар мен жиһаз алыныпты. Мектепте 55 оқушы білім алуда. Оларға тәлім-тәрбие беретін 12 ұстаздың 2-і жаңа оқу жылында «Дипломмен –  ауылға» бағдарламасымен келген жас маман. Оқушылар аудан бюджетінен бөлінген қаржыға тегін тамақтанады. Сондай-ақ өңір басшысы ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, хал-жағдайларын сұрап білді. Аға буын өкілдері елді мекенде түтінін түтеткен 53 үйдің барлығы ерте бастан қыс маусымына қамданып қойғандарын жеткізді. Облыс әкімі “Көмек” серіктестігіне қарасты наубайхана мен диірменнің жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Роман Герасимчук өнімінің құнын 35 теңгеге дейін түсіруді жоспарлап отырғанын айтады. Серіктестіктің мал азығын дайындайтын цехы мен шошқа комбинаты да бар. Ет негізінен Қарағанды, Павлодар жаққа жөнелтіледі екен. Облыс басшысы аудан орталығы  Саумалкөл ауылын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін салынып жатқан насос станциясының құрылысында да болды. Үш жылдық жобаның екі кезеңі артта қалып, 100 млн теңге игеріліпті. Қалған жұмысты аяқтау үшін тағы 50 млн теңге қажет. Серік Біләлов құрылысшыларға келесі жылдың сметалық жобасын тездетіп құруды тапсырды.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Егер де 1 айдың ішінде жоба құрылмаса, біз құбырларды келесі жылы да төсей алмаймыз. Жаңа жылға дейін бұл шаруа тындырылса, республикалық бюджетке қосуға болады.

Володар селолық округындағы кәсіптік лицейдің жатақханасы “Жол картасы” аясында күрделі жөндеуден өтті. Облыс әкімі жаңа оқу жылында қолданысқа берілген нысанды да аралап көрді. Жаңарып шыға келген үш қабатты жатақхана 80 орынға шақталған. Оны жөндеуге 43 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Қазір мұнда 198 оқушы мамандық меңгеруде. Олар фермер, тракторшы, жүргізуші, аспазшы, дәнекерлеуші кәсіптерін үйренуде. Аймақ басшысы білім ошағының негізгі корпусы мен тәжірибелік цехтың жұмысымен танысты.
Сондай-ақ өңір басшысы аудан орталығында бой көтеріп жатқан 48 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын  да көрді. Негізгі жұмыстар аяқталып, ішкі әрлеу-сырлау ғана қалыпты. Жалпы нысан 80 пайызға дайын. Серік Біләлов үйді қарашаның 20-на дейін тапсыру керектігін айтты. Содан соң өңір жетекшісі Саумалкөл селосын жылумен қамтамасыз ететін қазандықтардың  маусымға дайындығын тексерді. Қазір бұл мақсатта 300 тонна көмір бар. Қажетті деген қатты отынның тағы 1,5 мың тоннасы жуық арада жеткізілетін болады. Кейін облыс әкімі Серік Біләлов аудан активімен кездесті. Жиында жылыту маусымына дайындық, туризмді дамыту мен азық- түлік бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Ұн үгу 13 %,  ет 19%,  мал азығын дайындау 14 % төмендеген. Мал басының 5 пайызға дейін өскені байқалады. коммуналдық қызметтерге борышкерлер тым көп, жылуға 7,8 млн теңге болса, суға 500 мың теңге қарыз.

Серік Біләлов әсіресе нан бағасының қымбат екендігін баса айтты. Аудан орталығында бір бөлке  45 теңгеге сатылып жатыр.  Облыс әкімі аудан басшысына нан бағасын 42 теңгеден асырмауды тапсырды. Сонымен қатар, өңір басшысы ауданның өз табысы мен еңбек өнімділігін ұлғайтуды тапсырды. Биыл жеке табыс көрсеткіші 14-тен 12 пайызға дейін төмендеген.

Жеңіс Ермұқанов