Бизнес және экономика

Іскер әйелдер кездесуі

Кездесуге қоғам өміріне барынша белсене араласып жүрген әйелдер жиналды. Бұл жолы олар Елбасының ағымдағы жылғы Жолдауы мен гендерлік саясаттың жүзеге асырылуын әңгіме етті. Соңғы бағыт бойынша қол жеткізген жетістіктер баршылық. Өткен жылы екі гендерлік заңнама қабылданған. Әйелдердің биліктегі үлес салмағы артып келеді. Өз ісін дөңгелетіп отырғандар қаншама.

  

Ольга Цымбалюк , СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы:

 


Солтүстік Қазақстан облысында 23 мың кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Олардың отыз пайызына әйелдер жетекшілік етеді. Нәзік жандар , әсіресе, қызмет көрсету бағыты бойынша алдыңғы орында.

Мемлекет қолдауынсыз емес, әрине. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры әйелдер ісін несиелеуге бағытталған арнайы бағдарламаны жүзеге асыруда. Жаңа жоба аясында тоғыз кәсіпкерге 30 млн. теңгеден астам несие берілген.

  Ирина Суворова, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының СҚО бойынша филиалының директоры:
Бір жыл бұрын Қазақстан әйелдерінің бесінші форумында мемлекет басшысы осындай тапсырма берген болатын. Бағдарлама бойынша әйел кәсіпкерге 8 мың айлық көрсеткіш мөлшеріне дейін несие беріледі. Кредит мерзімі – 3-5 жыл. Жылдық үстемеақы 14 пайыздан аспайды. Бүгінде бұл бағдарламаны іске асыруға 5 банк қатысуда.

Елбасының биылғы Жолдауында айқындаған алдағы он жылдағы міндет-мақсаттарды іскер әйелдер кеңінен талқыға салды. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне бүгінде әйелдер қауымы ер азаматтармен қатар сүбелі үлес қосып келеді. Олар кез- келген салада қажырлы еңбек етіп, өздерінің біліктілігін, іскерлігін барынша танытып жүр. Кездесуде “Әйелдер экономикалық өрлеу үшін” байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға атсалысып жатқан нәзік жандардың еңбегі жайлы қалам тербеп жүрген журналистер де марапатқа ие болды.
 

 

Айымгүл Әбілева