Қоғам

ЕҚЫҰ саммитіне әзірлік

 

 

 

Жақында Польша астанасы Варшавада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының конференциясы өтті. Адам құқығы, экономикалық ахуал, терроризмге қарсы күрес мәселелері көтерілген конференцияға жерлесіміз, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Евгений Голендухин де қатысты. Демократия мәселелері талқыланған жиынға қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының құрамындағы 56 елдің өкілдері қатысты.

Евгений Голендухин, СҚО бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы:

-Қазақстан өзге Орталық Азия елдерімен салыстырғанда форумда алдыңғы орындардан көрінді. Яғни демократияның дамуы , бұқаралық ақпарат құралдарындағы ашықтық бойынша еліміздің ауыз толтырып айтар жетістіктері болды. Ал бізбен салыстырғанда өзге елдерде бұндай бостандық аса байқала қойған жоқ.

Евгений Голендухин конференцияда өзі соңғы жылдары көтеріп жүрген тұтқындар құқығын қорғау мәселесіне байланысты талқылауларға қатысқан. Бұл бағытта да елімізде мол жұмыс атқарылуда.  

 

Евгений Голендухин, СҚО бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы:

-Қазақстанда бұл бағыттағы нормативтік-құқықтық база бар. Бұл ең бастысы. Бірақ тұтқындарды жәбірлеуге жол бермеу, құқықтарын қорғаумен кешенді түрде айналысу сияқты жұмыстарды қолға алу керек. Түзету мекемелерінің материалдық базасын жақсарту сияқты мәселелер бізде де жетерлік. Осындай жұмыстармен айналысуымыз керек.

Ал желтоқсанның бірі-екісі Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының саммитінде экология мен экономика саласындағы мәселелер талқыланады деп жоспарланған. Оған ұйым құрамындағы елу алты елдің өкілдері қатысады. Өткен тоғыз ай Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына беделді басшылық етіп келе жатқандығын көрсетті. Яғни, Қазақстан әлемге татулығы жарасқан, демократиялық ел ретінде танылды.

Әсем Сембина