Жол картасы

Облыста мүгедектерді оңалту бағдарламасы жүзеге асырылуда

 



 

Осы жолы мүгедектердің жағдайын оңалтуға бағытталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 360 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Оның 118,8 млн-ны ағымдағы жылы игерілмек. Ақша облыстық және жергілікті бюджеттен. Демеушілік көмектер де жоқ емес.

  Күлбаршын Ахметова,  қалалық жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы:
 – Жұмыспен қамту бөлімі заң бойынша міндетті түрде мүгедектерге көмектеседі. Жыл басынан бері Петропавл қаласының кәсіпорындары мен ұйымдарына 93 адам жұмысқа тұрды. Оның 14-і қоғамдық, ал 3-уі әлеуметтік еңбекпен қамтылды.

Жарымжан адамдар көбіне екі қолға бір күрек таба алмай қиналып жатады. Бұл жерде мемлекет қамтамасыз ететін әлеуметтік жұмыс орындарының маңызы зор.  Мәселен, 21 жасар Анастасия Величкина қызметке “Жастар тәжірибесі” жобасымен тұрған. Колледжде мұрағаттанушы мамандығын игеріп шыққан қыз енді мемлекеттік мұрағатта еңбектенуде.

Анастасия Величкина:

-Мен СҚМУ жанындағы колледжді тамамдадым. Жұмыс орнын көп іздедім. Таба алмадым. Жастар тәжірибесіне келдім. Мені мемлекеттік мұрағатқа жіберді. Енді міне, қазанның төртінен бері өз ісіме кірісіп кеттім.

Ал Евгений Вдовиннің оңалту бағдарламасы бойынша қоғамдық жұмыстарда жүргеніне 2 жыл болып қалған. Негізгі мамандығы есепші болғанымен, денсаулығы сыр берген соң ІІБ қызметке тұрған. Еңбекқор жан іс қағаздарын жүргізеді.

Евгений Вдовин:

– 2-3 айдан соң маған қалалық ІІБ жұмысқа тұруға ұсыныс түсті. Олар менен компьютермен жұмыс істей аласың ба деп сұрады. Менің тәжірибем бар екенін білген соң еңбекке тұруға шақырды.

«Жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы мүмкіндігі шектелген  8 жан жұмыс тапқан.

Гүлден Сәрсенбаева