Әр түрлі

Екі ғасыр куәгері

 

 

 

 

 «Жасыңыз нешеде» деген сұраққа әйел затының көпшілігі тартыншақтана жауап береді. Ал екі ғасырдың куәсі болып отырған Бикамал Мұржықова үшін оның 110 жасы – байлығы. Әжей 1900 жылы туып, 1915 жылы күйеуге шыққан. Бірақ жұбайы соғыста қаза тауып, 2 баласын жалғыз тәрбиелеп, жеткізген.
 

Бикамал Мұржықова:
 – Екі баланы соғыс кезінде жалғыз өсірдім. Ана жақта олар соғыс болып жатқанда, мына жақта біз соғыстық.

Бикамал әже 20-шы  ғасырдың барлық оқиғаларын көзбен көріп, өзі соның бел ортасында жүрді. Күш-қайратынан әлі де таймаған әженің кенже ұлы қазір 60 жаста, ең кіші немересі 14-те.  Барлығы 23 шөбере мен 3 шөпшек тәрбиелеп отыр.

Бикамал Мұржықова:
 -Жұмыс, жұмыс істедік. Өгіз, бұқа жегіп, жер жырттық. Егініміз мынадай болатын.

Бикамал әжей өмір бойы ер адамдардан кем тер төккен жоқ. Оның  қажырлығы әлі күнге дейін бойынан таймаған.  Ақ жаулықты әже қазір де қол қусырып отыруды білмейді. Немерелеріне қолғап тоқып, астың түр-түрін пісіреді.

 Бикамал Мұржықова:
– Өзіміздің қазақтың салмасын, құймақ пісіремін. Сосын ыстық тамақ ішіп алып, уақытымен ұйықтаймын.

Алайда бүгінде әжейдің негізгі жұмысы – немере-шөберелеріне жақсы тәрбие беру.

Жансары Мұржықов, әжейдің кенже ұлы:
– Егер біреуіміз оғаш қылық көрсетсек, ол бәрін орнына қойып, кемшілігімізді түзеп отырады. Бірақ ешқашан қатты ұрыспайды. Қаталдығын орнымен ғана көрсетіп отырады.

 

Кәусар Аяпбергенқызы