ТКШ

Сәулет ескерткіші 20 жылдан астам жөндеу күтіп тұр

 

 

 

 
85 -ке келген Рауза Бичурина екінші қабаттағы пәтеріне күніне бірнеше рет көтеріліп-түседі. Бәженов көпестің үйі  1899 жылы салыныпты. Сәулет ескерткіштері санатындағы ғимарат 1917 жылдан бері  жергілікті атқарушы биліктің қарамағына өткен. Рауза қария 1943 жылдан шешесімен, туыстарымен осы үйдің бірінші қабатында тұрып келген. Жастайынан еңбек етті. Кейін 1975 жылы екінші қабаттан пәтер тиген.

  Рауза Бичурина:

-Біз бес ағайындымыз, Соғыс, аштық, суық. Ол кезде астыңғы қабатта тұрдық. Кейін шешеме осы жерден пәтер берді. 1943 жылдан бері табалдырыққа да, шатырға да жөндеу жүргізілген жоқ. Еден суық. Қыста терезелер қатып қалады.

1988  жылы үй апаттық жағдайда деп саналып, бірінші қабаттың тұрғындарының барлығына өзге жерден пәтер берілген. Көп кешікпей екінші қабаттың тұрғындарын көшіру жоспарда бар еді.

  Ольга Глазко, үйдің бұрынғы тұрғыны:

– Бізге бірден пәтер берді. Қалғандары күтіп қалды. Жарты жылдан кейін береді деген, әлі алған жоқ.

Бірінші қабаттың тұрғындары жаңа жерден баспана алғалы 22 жыл. Ал осында қалғандары үйдің шатыры қай күні ортасына түседі деген қорқынышпен ұйқыға жатады. Өйткені жыл өткен сайын ғимараттың жағдайы да нашарлап келеді.

  Ольга Гавозюк, үй тұрғыны:

-Түрлі комиссиялар жиі келеді. Жағдайымызды көреді, әр нәрсені сұрастырады. Бірақ сол кеткеннен мол кетеді. Ал мәселе шешіліп жатқан жоқ. Қазір жауын басталғанда шатырдан су саулайды. Тағы ыдыс қойып, әуреге түсеміз.

 Ескерткіш -ғимараттың жағдайын тексерген комиссия өткен жылы қараша айында үйдің апаттық жағдайда екендігін кезекті рет растаған. Акт толтырып, бірнеше шешімдер де шығарды. Алайда бл жолы да ешқандай шара қолданылған жоқ. Жеме-жемге келгенде ғимараттың бірінші қабаты «Қызылжар Жарнама» серіктестігіне беріліпті. Ал екінші қабатты кім жөндейтінін анықтау оңайға соқпайтын түрі бар. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің қызметкерлері екінші қабаттың тарихи сәулет нысаны ретінде облыстық мәдениет басқармасының балансында екендігін айтады. Екінші қабатты жөндеуге қаржыны да сол басқарма бөлуі керек.

 Людмила Сорокотяга,  облыстық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау бөлімінің бастығы:

-Ғимарат жергілікті маңыздағы тарихи ескерткіш. 19- ғасырда салынған үйде Бәженов көпестің өзі тұрған. Бұл ғимарат бойынша арнайы комиссия қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөліміне жөндеу жұмыстарын жүргізу, тұрғындарын шығару сияқты шешім шығарды. Бірақ бұл тапсырма орындалған жоқ. Оның орындалмаған туралы біз қалалық әкімдікке хабарладық.

Бірді-бірге сілтеу ондаған жылдардан бері жүріп жатыр. Көп қағаздың негізгісі – үйдің нақты апаттық жағдайда екендігін дәлелдейтін құжатты табу қиынға соқты. Бір апта бойы қалалық әкімдікке хат жолдап, алған жауабымыз – пәтер сұрау үшін Рауза қария тәуелсіз сарапшылардың қорытындысын әкелуі тиіс. Ол құжатты да қария өзі жасатуы керек.

  Гүлдер Томпышева,  Петропавл қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі :

-Бұл үйлерде тұрып жатқан адамдар тұрғынжайларының нақты апаттық жағдайда екендігін дәлелдеулері керек. Ол үшін арнайы лицензиясы бар фирмалар жүргізген сараптама қорытындысы бірге тапсырылады.

Бірақ, бұл сараптама туралы тұрғындарға осыншама уақыттан бері неге айтылмағандығы тағы белгісіз. Әрине, тұрғындар өз қаржыларына сараптаманы жүргізеді. Өтініш те тапсырады. Жұртпен қатар кезекке де тұрады. Бірақ сол пәтерге Рауза қария қашан қол жеткізеді. Ғимаратқа жөндеу қай уақытта жүргізіледі. Оған жауапты тағы да хат жолдау арқылы білетін болып келістік.

Әсем Сембина