Құқық қорғау органдары

Түнгі ойын-сауық орындарында жүретін жасөспірімдер үшін ата-ана жауапты



 

“Қауіпсіз қала” операциясы облыс орталығындағы бірқатар заң бұзушыларды анықтауға мүмкіндік берді. Полицейлер түнгі сауық орындары мен компьютерлік клубтарға жаппай тексеру жүргізді. Облыс орталығында заң рұқсат бермесе де сыра мен арақ, шарапты, темекі сататын дүкендер анықталды.  Бесіктен белі шықпай жатып, үлкен ер адамдармен түн мезгілінде көше кезген қыздар да тәртіп сақшыларының құрығынан құтылып кете алмады. 16 жасар қыз Айыртау көшесінде қолға түсті. Кәмелеттік жасқа толмаған бойжеткенсымақтың аузынан ащы судың исі мүңкіп тұрды. Тәртіп сақшыларының болжамын наркологиялық орталықтың дәрігерлері де дәлелдеді. Қыздың спирттік ішімдік ішкені анықталды. Енді оның аты-жөні ішкі істер органдарында тіркеуде тұрған жасөспірімдердің тізіміне  қосылады. Осы түні полицейлер бейтаныс ер адаммен сыра ішіп, көңіл көтеріп отырған кәмелеттік жасқа толмаған тағы бір қызды анықтады. Оқиға орнына бойжеткеннің ата-анасы шақыртылып, бұл іске қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қыздың кесірі жақындарымен қоса  дәмхананың иесіне де тиді. 18-ге  келмеген адамның көңіл көтеру орнына кіруіне рұқсат еткені үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 Денис Лебедев, Петропавл ҚІІБ кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы:

-Спирттік ішімдік ішкен, түнде сауық құру орындарында жүрген жасөспірімдер Ішкі істер органдарына тіркеуге алынып, кейін инспекторлар бұл балалармен алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар бұндай жасөспірімдердін ата-аналары әкімшілік жазаға тартылады


«Қауіпсіз қала» жедел алдын алу шарасы барысында тәртіп сақшылары тіркеуде тұрған бір жарым мыңға жақын адамды мекен-жайлары бойынша тексерді. Көше қаңғырып, қайыр сұрап жүрген 35 бала ұсталды. Кәмелеттік жасқа толмаған 14-і уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді.

Дана Ғизатова