Билік

Шенеуніктердің заң бұзуы көбейген



 

 

 Шалақын аудандық білім бөлімінің бастығына қатысты тәртіптік іс отырыста бірінші болып қаралды. Қаржылық бақылау инспекциясының мамандары Роза Әмрина басқарып отырған бөлімді тексерген кезде 207 млн. теңгенің заңбұзушылығын анықтаған. Айта кету керек, аталған бөлім бастығына қатысты іс тәртіптік кеңесте алғаш рет қаралып отырған жоқ. Отрыста атап көрсетілгеніндей, бөлім бастығы бір жыл ішінде алты рет тәртіптік жазаға тартылыпты. Мемлекеттік сатып алу байқауын өткізген кезде жол берілген соңғы заңбұзушылық үшін оған сөгіс жарияланды. Роза Әмринаның қарамағындағы қызметкерлер ішінде де заңды белінен басқандар баршылық. Облыс орталығындағы №2 орта мектепте де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тендер өткізілген кезде бірқатар кемшіліктер орын алған. Бірақ білім ошағының басшысы қаржылық бақылау инспекциясымен келіспейді. Мектеп басшылығы істің ақ-қарасын анықтап, құқықтық тұрғыда баға беру үшін прокуратураға сауал жіберген.  Қадағалау органының жауабы апта аяғында белгілі болмақ. Ал әзірге кеңес мүшелері мектеп директорына сөгіс жариялады. Аққайың ауданында жүргізілген тексеріс қорытындысы да көңіл көншітпейді. 12 аудандық бөлімнің барлығында да заңбұзушылықтарға жол берілген. Ауылдық округ әкімдерінің аппаратында да кемшілік жетіп артылады. Тек Иванов пен Тоқшын селолық округтері ғана жүйелі жұмыспен ерекшеленген. Қарамағындағы қызметкерлердің барлығы үшін аудан әкімі Рүстем Елубаев жауап берді. Ол анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін тиісті шаралардың қолға алынғанын жеткізді.

 Тілеген Қаскин,  ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі облыстық тәртіптік кеңесінің төрағасы:
 – Аталған кемшіліктерді жою үшін тез арада тиісті шараларды жасау қажет. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жазаға тартылуы тиіс. Оқыту мен алдын алу жұмыстарын мықтап қолға алып, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырған жөн.  

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында мемлекеттік қызмет жөніндегі заңнама бұзылған. Тексеріс қорытындысы – соңғы жылдары мемлекеттік органда заңбұзушылықтың өскенін көрсетті. Мәселен, 2008 жылы олардың саны 28 болса, биыл 36-ға жеткен. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасында да осындай жағдай. Ведомство басшысы тағылған міннің бір бөлігімен келіспесе де, бірқатарын мойындап, жуық арада жоюға уәде берді.
  

 Айымгүл Әбілева