Мәдениет

Погодин театры жаңа маусымға дайындалып жатыр



 

 

 

Кен Людвигтің “Примадоннасы”  Петропавл сахнасына да жетті. Талай елдің көрермендерінің көңілінен шыққан қойылыммен 124-ші театр маусымы ашылады. Труппа даярлықты нақтылап, репетицияға кірісіп кетті. Соңғы әзірлік болғандықтан, декорация толық қойылған. Актерлер костюмдерде.  Жарық,  дыбыс реттелген.  Театрдың бас режиссері Виктор Шалаев премьера алдында қойылымды өзі толық көріп шықпақ. Ал театр маусымы басталғанда режиссерді көрермен залынан да, сахна сыртынан да көрмейсіз.

  Виктор Шалаев, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының бас режиссері:

Қойылым премьерасы мен тапсыру кезінде кабинетімде отырамын. Динамиктерді қосып,  қойылымның дыбысын ғана тыңдаймын. Залда спектальдерімді көре алмаймын. Жүрегім шыдамауы да мүмкін.

Екі бөлімді комедия көрермен үшін жеңіл, ойнақы әсер етері анық. Қойылым сюжеті қарапайым. Ақшасы мол қария өзінің ертеде көз жазып қалған жиендерін іздейді. Өмірде де, сахнада да жолдары болмай жүрген екі жас әртіс өздерін осы екі жиен қыз ретінде ұсынып көрмекші болады.  Алексей Чумак үшін рөлге ену аса қиын бола қойған жоқ. Бірақ әйел рөлін сомдаудың күрделі тұстары жетерлік.

  Алексей Чумак, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының әртісі:

– Біз өкше киіп  жүруді үйрену қиынға соқты. Ал жалпы дайындықта көргендер маған әдемісің дейді. Қойылымнан кейін менің талантыма құмартатын адамдар көбейеді деп ойлаймын.

Труппа әр маусым сайын көрермендерімен қауышар сәтке үлкен даярлықпен келеді. Залға жиналғандарды жаңа қойылыммен қарсы алуға тырысады. Театр көрермені көп болса, көзі ашық, өнер сүйер қауымның қатары қалыңдағаны деп біледі.

  Виктор Шалаев, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының бас режиссері:

 – Театры жоқ қала болмауы керек- онда ол елді мекен ғана. Ал біздің үш бірдей театрымыз бар. Өзін зиялы қауым өкілімін деп санайтын адам осы үш театрдың репертуарын жатқа білуі тиіс.

Ал театрдың 124-ші  маусымы қазанның сегізі сағат 19-да ашылады. Маусым барысында театр ұжымы С.Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” қойылымын сахналамақ.

 Әсем Сембина