ТКШ

Газ тапшылығы болмайды

 

Қазірде облыс орталығында газсыз отырған көпқабатты тұрғын үйлердің саны 113-ке жеткен. Бейсенбіден бастап қаладағы газгольдерлерге көгілдір отын толтырыла бастайды. Бүгін Петропавлға газдың алғашқы партиясы – 217 тонна көгілдір отын жеткізілді.

  Юрий Шишкин, “Горгаз-Сервис” ЖШС директоры:
-Газ жеткізу мәселесін шешу үшін облыс әкімінің қолдауымен біз Мұнай және газ министрлігінен көмек сұрадық. Сөйтіп, қазан айына өңірге 670 тонна газ бөлініп отыр. Ал қараша айында облысқа 450 тонна көгілдір отын жеткізіледі. Енді желтоқсанға дейін тұрғындарды газбен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе туындамайды.

Бұл мәселе шешілгенімен, газдың бағасына қатысты түйткіл өзекті тұр. Мәселен, “Горгазсервис” көгілдір отынды “Теңіз Шевроил” компаниясынан әлемдік нарықтағы бағамен сатып алған. Бүгінгі таңда Қазақстандағы мұнай өңдеуші зауыттар экспортқа басымдық беріп отыр.

  Юрий Шишкин, “Горгаз-Сервис” ЖШС директоры:
-Тарифте 283 доллар бекітілген болса, біз газдың тоннасын 500 долларға сатып алдық. Амал жоқ, осы бағаға келістік. Қаланы газсыз қалдырмаймыз ғой. Үкімет пен министрлік бұл мәселені шешеді деген үміттемін.

Бұл жағдай мемлекет тарапынан реттелмегендіктен туындап отыр. Газ өндіруші зауыттар нарықтағы келеңсіздікке байланысты өнім бағасын сан құбылтуда. Мәселенің түйіні шешілгенше, қымбат газды сатып алуға тура келеді.  Бұл өз кезегінде тарифке әсер етіп, тұрғындардың қалтасын  қағуы ықтимал.

Айымгүл Әбілева