Бизнес және экономика

Қаржы саласы мамандарына арналған семинар

   

 

 

 

 
Семинарды СҚО бойынша қаржы басқармасының бөлім бастығы Виталий Пак жүргізуде. Мемлекеттік қызметші жақында ғана Европалық одақ желісі бойынша жұмыс істейтін Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында арнайы курстан өтіп келіпті. Ал бүгін алған білімін басқалармен бөлісуде. Сабақтың тиімділігін Европалық одақ бойынша өңірлік орталықтың мүшелері бағалауда.

  Омархан Бірімжан,  «Қазақстанда бәсекеге қабілеттілікті арттыру және мемлекеттік сатып алулар жүйесі» жобасы жетекшісінің орынбасары :
– Біз үш ай бұрын мамандарды жинап, оқытқанбыз. Енді ең жақсы бітірген азаматтарды тексереміз, Петропавлдан Пак Виталий  сабақ өткізіп жатыр. Әр тиын  жемқордың  қолына тимеуі үшін қызметкерлерді үйретіп жатырмыз.   

«Қазақстанда бәсекеге қабілеттілікті арттыру және мемлекеттік сатып алулар жүйесі» тақырыбындағы семинар алғаш рет Петропавлда ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта мұндай жиындар еліміздің өзге де қалаларында өткізілмек. Басты себеп – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Өйткені  көптеген қателіктер  мемлекеттік сатып алулар кезінде орын алады. Семинар барысында қаржыгерлер мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде келісімшартты дұрыс толтыру, Веб-порталды қолдануға қатысты пайдалы кеңестер алды. Семинарға әр ауданнан 35 қаржы маманы жиналды. Олар білмеген сұрақтарына жауап алып, бұрын жіберген қателерін түсінді. Енді алған білімдерін қызметте қолдануға асығуда.

  Арман Тоқтаров,  мемлекеттік сатып алулар бойынша бас маман, Ғ.Мүсірепов ауданы:
 – Заңға  әр түрлі қосымша енгізулер, ақпараттар енгізіліп жатыр. Жаңа енгізілген веб-портал бар. Ол өте қиын. Сондықтан алған білімімізді қолданып, жұмыс істейміз.

Сабақ  соңында жиналғандар түйгендерін сарапқа салу үшін арнайы тест тапсырады. Білімдерін дәлелдеп шыққандары сертификатқа ие болады.

 Кәусар Аяпбергенқызы