ТКШ

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламасы

 
 

 

 

 

 Бүгінгі таңда елімізде тұрғын үй-коммуналдық шарушылығы саласында қордаланып қалған мәселелер жетерлік. Негізінен бұл саладағы проблемалар сумен, жылумен, газбен, электрмен  қамтамасыз ететін жүйелердің әбден тозғандығынан туындап отырғаны мәлім. Елдегі жалпы энергия желісінің 73 %-ы, жылу құбырларының 63%, су құбырларының 64%-ы және газ шаруашылығының 54%-ы ауыстыру мен күрделі жөндеуді қажет етеді. Енді сеңнің орнынан қозғалатын түрі бар. Үкімет тұрғын үй- коммуналдық ша­руа­шылығын жаңғыртудың жүйелі бағдарламасын әзірледі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке осындай тапсырма берген болатын.

  Алексей Репин,  «Қазақстанның тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын дамыту және жаңғырту орталығы» АҚ басқарма директоры:
-Тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғыртып, дамыту үшін мемлекет көп жұмыс жасап жатыр. Бірақ бұндағы кешенді проблемаларды шешуге бір ғана бюджеттің қаржысы аздық етуде. Әлемдік тәжірибе бойынша, әлеуметтік маңызы зор бұл сектордағы түйткілдерді мемлекет пен жеке меншіктің әріптестігі негізінде еңсеру ең тиімді әдіс болып саналады. Ол  үшін де екі тараптың бір-біріне деген өзара сенімін қалыптастыратын жүйелі бағдарлама қажет. Сондықтан да мемлекет басшысы бұл саланы кең ауқымды жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Желілер мен құрылғыларды жөндеу мен қайта жаңғырту, жаңаларын салу үшін қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен бағытталып қана қоймай, кәсіпорындар  есебінен де іске асырылмақ. Бағдарламада коммуналдық саланы дамытудың осындай жүйелі тәсілдері айқындалған. Энергияны қолдану тиімділігін арттыру – екінші міндет. Сараптама кезінде жылудың шамамен 20-30 пайызы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, қабырғасы және терезесі арқылы жоғалатыны анықталған. Осылайша қазіргі уақытта көппәтерлі тұрғын үйлер жылу энергиясын ең бейберекет пайдаланатындардың қатарында болып отыр. Жылуды үнемдеу проблемасын шешу үшін бағдарлама аясында тұрғын үйлерге терможаңғырту жүргізу қажеттігі туып отыр.

  Алексей Репин,  «Қазақстанның тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын дамыту және жаңғырту орталығы» АҚ басқарма директоры:
 -Бұл ретте келесі жылы әрбір өңірде екеуден, бас-аяғы 32 жоба іске асырылмақ. Ал  2012 жылдан бастап жыл сайын шамамен 300 көппәтерлі тұрғын үйге терможаңғырту жүргізілмекші. Алайда, бұл жұмыс көп шығынды талап етеді. Мәселен, 60 пәтерлі тұрғын үйге терможаңғырту жасау үшін 30 млн. теңге қажет екен.
Тұрғын үйлер азаматтардың жекеменшігі болып табылатынын ескеріп, бағдарлама аясында терможаңғыртуды қайтарымды негізде бюджет қаржысы есебінен жүргізу жоспарлануда.

Сөйтіп, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы секторына инновация мен энергия ресурстарын үнемдеу технологияларын енгізу заман талабы болып табылады.

  Антон Федяев,  СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
Тұрғын үй қорында энергия үнемдеу мәселесі өте өзекті. Энергияның 40 пайыздан астамы осы жерде жұмсалады. Тиісінше шығын да көп. Бұл бағыттағы мәселелерді шешу үшін тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жүйесіне  инновациялар мен жаңа технологиялар енгізу  қажет.

Тұтастай алғанда, бағдарлама  елімізде коммуналдық секторды басқарудың тиімді формалары мен әдістерін қалыптастыруға бағытталған.
 

 

Айымгүл Әбілева