ТКШ

Суағарлар тазартылып жатыр

 

 Кәсіпорын жұмысшылары суағарларды тазарту жұмыстарын жаз бойы жүргізді. Осы уақытта Конституция көшесіндегі 630 метрлік, Интернационал бойымен тартылған 550 және Воровский көшесіндегі ұзындығы 100 метрден асатын суағарды лай-балшықтан арылтқан. Қазір олар Бензострой кентіндегі арықтарды күзгі жауындарға әзірлеуде.

  Андрей Теленков, “Тазарту, су ағызу және өткізу ғимараттары” КМК жұмысшысы:
-Пархоменко көшесіндегі суағарларды тазартып жатырмыз. Құбырлар лай-балшыққа толып тұр. Тұрғындар сумен ағызып жіберген үй қалдықтары да бар. Бұл өз кезегінде жұмысқа кедергі келтіруде.

Бензострой кенті жауын-шашында,  қар еріген кезде су басатын негізгі аудандардың бірі. Сондықтан өткен жылы осы жерге жаңа насос станциясы орнатылыпты. Оған  “Жол картасы” аясында 42 млн. теңге бағытталған.

  Мәмбет Мұқанов,  “Тазарту, су ағызу және өткізу ғимараттары” КМК кешен бастығы:
– Бұл ауданда проблема көп болатын. Жауын түскенде, көктемде қар ерігенде су басып қалатын. Жаңа насос станциясы осы суларды сорып алып, сосын орталық станцияға ағызады. Енді қазір тұрғындардан шағымдар түспейді.  

Болашақта осы аудандағы Московская, Ленинградская және Илья Залманов атындағы көшелерге суағар тарту жоспарланып отыр.

 Айымгүл Әбілева