Құқық қорғау органдары

«Қауіпсіз қала» акциясы

 

 

Қауіпсіздік  белбеуінің тағылмауы, рөлде ұялы телефонмен сөйлесу, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту – көбіне ұсақ-түйек сияқты болып көрінетін мұндай тәртіп бұзушылықтар қайғылы оқиғаларға ұласып жатады. Сондықтан акция кезінде Петропавлдың жолдары полицейлердің қатаң бақылауында болды. Қала сыртындағы кезекшілік күшейтілді. Сонымен қатар қоғамдық жерлер мен көшелерде автокөлік құралдарын дұрыс қою ережесі де қатаң қадағаланды. Операцияның басталған  бір-екі күнде көлікке мас күйінде отырған бірнеше жүргізуші тіркеліп үлгерді. Мәселен, бір темір тұлпар иесі туған күнін тойлап, арақ ішкен күйі жолға шыққан. Мұндай жауапсыздық үшін жол сақшылары ер адамды екі жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Ащы суға тойып алып, жол ережесін бұзған тағы бір көлік иесі полицейлердің экипаждарынан жасырынғысы келген. Жазадан оңай құтылмақшы болған жүргізуші екі бірдей автомашинамен соқтығысып, жол-көлік апатын жасаған. Алдын алу шарасының алғашқы күндерінде-ақ 351 әкімшілік хаттама толтырылды, оның 22-сі көліктерін мас күйінде жүргізгендердің үлесінде. Учаскелік полиция инспекторлары Ішкі Істер органдарында тіркеуде тұрған 499 адамды мекен-жайлары бойынша тексеріп өтті. Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзған 21 шетелдік ұсталды. Сонымен қатар  іздеуде жүрген 2 қылмыскер қолға түсті.  

Гүлден Сәрсенбаева