Әр түрлі

«Көңілсіз сабақ»

 

 

 

 

 

Бұл ерекше көрмедегі суреттердің жанрлары әр түрлі. Салыну тарихы мен тәсілдері де түрліше. Бірі биология, бірі ән-күй сабақтарында туындаған. Бірақ бәрінің ортақ тақырыбы бар: «Көңілсіз сабақ». Тамила Ысқақова тарих және биология сабақтарында өзінің қиялына ерік беріп, фантастикалық кейіпкерлерді бейнелейді екен.

  Тамила Ысқақова, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицей оқушысы:
-Кей сабақтар өте қызықсыз болады. Сол кездерде мен сурет саламын. Мұғалімнің айтқандарын түсінбегенде соны саламын.

Бұл көрмені безендіруге көп уақыт кеткен жоқ дейді ұйымдастырушылар. Өйткені жұмыстардың бәрі дайын, тек оқушы дәптерлерін бір парақтап шықса болғаны. Суреттердің  авторлары  №6,  №7 орта мектептер, өнер колледжі, қазақ классикалық гимназиясы сияқты барлығы 10 оқу орнының шәкірттері. Олар әкелген суреттердің ішінде цензураға ұшырағандары да болған екен.

  Валентина Воробьева, облыстық  бейнелеу өнері мұражайының директоры:
-Әрине, бізге суреттерді сараптап, ішінен таңдауға тура келді. Себебі кейбіреуі көпшілік назарына қоюға келмейді. Біз мазмұнды, ерекше мағынасы бар деген жұмыстарды қойдық.

Мұндағы суреттердің көбі таңқалдырарлық, арасында мұғалімдердің көңіліне кірбің түсіретіндері де бар болар. Қалай десек те, әр автор өз ойын айшықты бейнелей алған.  Көрме бір ай көлемінде жұмыс істемек.

 Кәусар Аяпбергенқызы