Білім

“Фолиант” баспасының көрмесі

 

 

 

 

 Республикалық “Фолиант” баспасы «Кәсіптік білім»,  «Жоғары мектеп»  сериялары бойынша  колледждерге, арнайы мектептерге , жоғары оқу орындарына арналған оқу-әдістемелік құралдар шығарады.  Сонымен қатар «Менің Отаным – Қазақстан», «Нар тұлға», «Таным», «Дария», «Көркем әдебиет» сериялары бар. Бүгінгі таңда Елбасының тапсырмасымен баспа үйі ұлттық тарихты баяндайтын “Бабалар сөзінің” 100 томдығын да шығаруда. Баспа өкілдері өңірімізге жаңа авторлар мен жаңа жобалар іздеп келіпті. Бірлескен жұмыс арқылы еліміздің білім беру саласының қорын ғылыми әдебиет, қосымша электрондық құралдар, анықтамалар, сынақ жинақтарымен, жаңа оқулықтармен толықтыру көзделген. Тың жоба оқулық құрастырушыларға да тиімді жағдайлар жасайды.

  Гүлден Оспанова, “Фолиант” баспасының редакторы:
 – Республикалық оқу- әдістемелік кеңес бекіткен  талаптарға сай өзінің еңбегін әкелген болса, біз 1000 данамен басып, 10 пайызын гонорар ретінде төлейміз. Егерде еңбегі сұранысқа ие болса, тағы 5 пайыз береміз.

Бір ерекшелігі келісімге тұрған автордың тың идеялары болып  жатса, туындыға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқығы бар. Кездесуде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда белсенді және жемісті әріптестіктері үшін бірқатар солтүстікқазақстандық ұстаздар марапатталды. Экономикалық-техникалық білім кешенінің оқытушысы Қуаныш Мұстафиннің «Механиканың физикалық негіздері» оқулығы еліміздің орта кәсіптік білім беру орындарында кеңінен қолданылып жүр. Автор бұл әріптестіктің арқасында қазақ тіліндегі  оқулықтарды көбейтуді көздеп отыр.     

 

 

Жеңіс Ермұқанов