Әр түрлі

Қазанның 4-і – жануарларды қорғау күні

 

 

 

 Евгения Баландина бала кезінен үй жануарларына қамқорлық көрсетеді екен. Есейе келе, бұл ермегі кәсіпке айналған. Ветеринар дәрігердің үй жануарларын емдеп, жанашырлық танытып келе жатқанына бүгінде отыз жылға жақындапты.
 «Бэн» атты төрт айлық шығыс еуропалық овчарка дене қызуы көтеріліп, тамақ ішпей екі күн ауырыпты. Итті кене шаққан екен. Дәрігер ине салып, қажетті жәрдем көрсетті. Дер кезінде маман көмегі жасалған жануарға енді еш қауіп жоқ. Үй жануарларын жақсы күтетін қала тұрғындары баршылық дейді Евгения Баландина. Ветеринарлық клиникаға күніне кем дегенде үй жануарын жетектеген бес адам келеді екен.

  
Евгения Баландина, ветеринар дәрігер:
 – Ветеринар дәрігер болу үшін жануарларды жақсы көру керек. Оларға да мейірім мен сүйіспеншілік қажет. Менің анам осы кәсіптің иесі болды. Кішкене кезімнен осы жұмысты көріп өстім. Сондықтан жануарларға ем көрсетіп, оларға қамқорлық жасаған маған ұнайды.

Наталья Ломоносова да осындай мейірбан жандардың бірі. Зейнеткер ангорка тұқымдас мысығын жақсы күтеді. «Стас» отбасымыздың толыққанды мүшесі дейді Наталья. Үйіндегі сүйікті жануарымен қатар, зейнеткер даладағы қаңғыған мысықтарға да қамқорлық жасауды ұмыт қалдырмайды. Күнделікті оларды тамақтандырып отырады.

  Наталья Ломоносова:
 – Күнде таңертең мысықтарды тамақтандырамын. Олар да біледі – уақытында келе қояды. Әрине, көпшілік менің бұл әрекетімді түсінбей, жазғырып жатады. Мысықтар бүрге таратады дейді. Бірақ олар қорғансыз ғой. Біз, адамдар, қамқор болып, қоршаған ортаны қорғауымыз қажет емес пе.

Бұл орайда Наталья қаламызда  қаңғырып жүрген  жануарларды ұстайтын арнайы орын ашса игі болар еді дейді. Тіпті зейнеткер ай сайын жарна төлеп отыруға да дайын. Дегенмен, ең алдымен әр адамның жануарларға қамқор болып, жанашырлық танытқандары жөн болар.

 

Айымгүл Әбілева