Құқық қорғау органдары

Мал ұрлауды кәсіп еткен топ ұсталды

 



 

Өткен сейсенбі Жамбыл АІІБ кезекшілеріне Орталық ауылының тұрғыны мал ұрлығы жасалғанын хабарлаған. Асыл тұқымды бұқа  жайылымнан жоғалып кеткен. Шағымданушы ірі қараны алдымен өзі іздеп көріпті, одан нәтиже шықпаған. Жедел тергеу тобы ұрлық жасалған ауылға барып, тексеріс жұмыстарын жүргізді. Өкінішке қарай, бұл әрекеттен де ештеңе шықпады. Бірақ бұл істері ашылмаған ұрылар барға қанағат қылмай, сол аптада тағы біреудің малына ауыз салады. Бұл жолы олар ауыл тұрғындарынан айлаларын асыра алмады. Тәртіп сақшылары куәгерлердің сипаттамасы бойынша «Жигули» автомашинасының ізіне түскен. Бұл істі әрі қарай тергеу барысында жедел уәкілдер Есіл ауданы Явленка селосының екі тұрғынының ізіне түседі. Айғақ заттар азаматтардың ұрлыққа қатысы бар екенін толығымен дәлелдеп берді.

  Бахыт Құрманғалиев, Жамбыл АІІБ-нің тергеушісі:

 -Тергеу шараларын өткізу барысында ВАЗ-2106 автокөлігі, автокөлік ішінен екі пышақ, балта, арқан, етті ілуге арналған темір ілгіштер тәркіленді.

Күдіктілер малды ағаш арасында бауыздап, етті облыс орталығындағы саудагерлерге өткізіп отырған. Ал өнімді сатқан кезде ескі ветеринарлық куәліктер мен селолық әкімшіліктің ескі анықтамаларын қолданған. Тергеу барысында қылмыскерлердің Петропавл қаласында үшінші сыбайласының бар екендігі анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Жалпы мал ұрлығы жыл басынан бері облысымызда 78-ші рет тіркеліп отыр.

 Гүлден Сәрсенбаева