Денсаулық сақтау

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасы

 

 

 

 Жаңа бағдарлама халықтың әлжуаз топтарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бүгінге дейін бұл жұмыспен түгелдей дерлік коммерциялық құрылымдар айналысып келді. Жаңа жылдан кейін мемлекеттік сатып алудың  әлегі біткенше дәрі-дәрмек тапшылығының сезілуі жылдағы проблема. Жаңа бағдарлама бойынша тегін және түрлі жеңілдіктермен берілетін дәрі-дәрмек мемлекеттік дәріханалар арқылы таратылатын болады. Бұндай пункттер барлық емханаларда жұмысын бастамақ. Дәріханаларды денсаулық сақтау басқармасы жанынан ашылған “Қызылжар-Мед” кәсіпорны қажетті медикаменттермен жыл бойы үздіксіз қамтамасыз ететін болады.

  Ерік Байжүнісов,  СҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
Петропавлда мемлекеттік қойма құрылады. Онда дәрі-дәрмектің 3-5 айлық қоры болады. Қажетіне қарай беріп отырамыз. Жылдағыдай жыл аяғында бітіп қалды деген болмайды. Біз нарықтық экономика заңын бұзбаймыз. Бұрынғы коммерциялық құрылымдар дәріні әкеп береді. Біз емханаларға жеткіземіз.

Сөйтіп, ең бастысы алыс елді мекендерде тұратын халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағы шешілмек. Енді ауыл тұрғындары аудан орталығына бармай-ақ, қажетті дәрісін жергілікті жердегі медициналық пункттен алады. Өз кезегінде дәрі-дәрмекті тасымалдау шығынын мемлекет өз мойнына алып отырғандықтан оның бағасы да арзандамақ.

  Ерік Байжүнісов,  СҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
Дәрінің бағасына тасымалдау шығына қосылған. Мәселен, аспирин заводтан шыққанда 4-5 теңге болса, емделушіге жеткенше 8-10 теңге болады. Бұл бір ғана мысал. Осы жүйені мемлекет өзіне алған кезде дәрінің орташа құны ғана қалады.  

Тың жоба дәрігерлер қауымының қолдауына ие болды. Жаңа модель халықтың әлжуаз топтарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді толыққанды оңтайлындырады деген сенімде дәрігерлер.

 Әлия Тәшетова,  №3 қалалық емхананың бас дәрігері:
-Өзіміздің емхана арқылы дәрілерді босатамыз. Адамдар енді қайда барамыз деп жүгірмейді. Қай емханаға келді, сол жерден алады. Бірінші қаңтардан кейін дәрілер болмай жатады. Енді қор болады. Жақсы, өте тиімді.

Жаңа бағдарлама үстіміздегі жылы қарашаның бірінен жүзеге аса бастайды. Облыс әкімі Серік Біләлов басқарма басшыларына қазанның онына дейін қажетті құжаттарды дайындауды  тапсырды.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі :

-Жаңа жоба халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсартады. Көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Қарашаның бірінен іске асыра бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Осы орайда қаржы басқармасы мен облыс әкімі аппаратының мемлекеттік- құқықтық бөліміне қажетті құжаттар дайындауды тапсырамын.

Жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға жылына 25,5 млн. теңге бағытталмақ.

Айымгүл Әбілева