Білім

Қалдырған ізің мәңгілік …

 

 

 

 

 

  
Рәмзия апаның телефоны бүгін таңертеңнен тыным таппады. Шәкірттері ұстаздарын мереке күні ұмытпайды. Ұзақ жылдар орыс тілі мен әдебиеті пәнін оқытқан қарт ұстаз шәкірттерінің көпшілігін сағынышпен еске алып отырады.

  Рәмзия Жақыпова, ардагер-ұстаз:
– Көп білуге ұмтылған  көз жұмғанша оқиды, көз жұмғанша оқыған бар нәрсені тоқиды деп әке-шешем білім туралы көп айтушы еді. Өйткені оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ. Біздің мектепті бітірген оқушылар біреуі де далада қалған жоқ. Олардың арасында Зейнолла Әкімжанов, Жарасбай Сүлейменов, Мақшай Ғабдуллина бар.

Рәмзия Жақыпова әлемнің әр түкпірінде жүрген шәкірттерінің жетістіктерін үнемі біліп отырады. Олардың қоңырауын  асыға күтеді.   Рәмзия Әбдірахманқызы ана тілін де кезінде қазақ балаларының арқасында үйреніп, одан кейін «Абай жолын» екі тілде оқып шығыпты.

  Рәмзия Жақыпова, ардагер-ұстаз:
-Қазақта мақал бар «Кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың». Орыс мектебін бітіріп, орысша институтта оқыдым. Қазақ интернатына жұмысқа кірген соң қазақша білу мен үшін міндет болды.

Өз үйіндегі бар қазынасы – кітаптарын Рәмзия апай зейнетке шыққан соң қызына сыйға тартқан екен. Ал оның ең жақын серігі  сарғайған орыс-қазақ сөздігі әлі күнге дейін зейнеткердің қолынан түспейді. Оны апай сонау 1960 жылы алғаш ұстаздық жолын бастаған кезде сатып алған екен.
Ал  дарынды балаларға мамандандырылған қазақ гимназия-интернаты – қарт ұстаздың осыдан 55 жыл бұрын педагогикалық институтты тәмамдап жас маман болып алғаш табалдырығын аттаған алтын ұясы. Рәмзия Әбдірахманқызының  өнегелі жолын жалғастырып жүрген шәкірттері мұнда да бар екен. Маржан Оспанова өз мұғалімін көргенде балаша қуанды. Ұстаз еңбегінің нағыз бағасы да осы болса керек.

 
 Кәусар Аяпбергенқызы