Білім

Қала әкімі озат ұстаздарды құттықтады

 

 

 

 Облыс орталығының бір топ ұстазын кәсіби мерекелерімен құттықтаған Петропавл қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов еліміздің саналы азаматтарын тәрбиелеудегі мұғалімдер ролін ерекше атап өтті.  

  Мәдина Балғашоқова, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Сіздер  біздің тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап жатқан адамсыздар. Өйткені ел болашағының кілті – бүгінгі жас ұрпақтың қолында.

Бүгінде облыс орталығының мектептерінде 1 870 ұстаз еңбек етеді. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде Петропавл қаласының түлектері орташа 92 ұпай жинады. Оқушылар облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарды алып жүр. Кәсіби мереке қарсаңында Петропавлдың бір топ ұстаздары қала әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды. Бірқатар мұғалімдерге ноутбуктер табыс етілді. Ал ұзақ жылдар білім беру саласында еңбек еткен ардагер ұстаздарға демалыс орнына жолдама да тапсырылды.

  Әдия Ысқақова,  ардагер-ұстаз:

-Олар тәрбиеші, оқытушы. Олар болашақты тәрбиешілушілер. Болашақ осылардың қолында деп айтсақ та артық болмайды.

Ал Ударцевтар отбасының өкілдері балабақша тәрбиешісі қызметін алпыс жылдан бері атқарып келеді. Галина Васильевна 40 жыл тәрбиеші, әдіскер болған. Оның жолын қызы, немересі қуды. Ал Әпеновтар әулетіндегі үш қыздың үшеуі де мұғалімдікті таңдаған. Бүгінде Айнагүл, Сәуле, Бейнегүл қазақ тілінен сабақ беріп жүр.

  Айнагүл Қасымова, “БЭСТ” гимназиясының мұғалімі:

-Кішкентай кезімізде анамыз үш қызы да мұғалім болса деп армандайтын. Анамыздың сол арманы орындалды.  
 Бейнегүл Әпенова,  № 17 ұлттық мектеп-кешенінің мұғалімі: -Әр азамат қазақ тілін білсе екен дейміз. Біздің жұмысымыз осы мақсатқа бағытталған.


Бүлдіршіндер тәрбиесімен айналысып жүрген Ударцевтар мен қазақстандықтардың қазақ тілін меңгеруіне үлес қосып жатқан Әпеновтар отбасына бейнекамера тарту етілді.

 Әсем Сембина