Балалар

Қазанның бірі – халықаралық күлімсіреу күні

 
Жүздері балбұл жанған бүлдіршіндердің сыңғырлаған шат күлкісі жасөспірімдер мен балалар шығармашылық орталығының үлкен залын қуанышқа бөледі. “Плипка” есімді көңілді сайқымазақтың әзілдері кішкентай көрермендердің езуін жидырмады. 1999 жылдан қазанның 1-ші жұлдызы күнтізбеде халықаралық күлкі күні деп белгіленген. Өңіріміз алғаш рет әлемдік көңілді мейрамды өзінше атап өтуде. Мақсат – баршаға жақсы көңіл-күй мен күлкі сыйлау.

 Жұлдыз Төренова,  СҚО балалар құқығын қорғау департаментінің маманы:
– Мүмкіндігі шектеулі және жетім балалардың  жүзінде күлкі көрініп, жайнағанын көргіміз келеді, сол үшін де оларға қуанышты сәттер сыйлау мақсатында осы шараны ұйымдастырып отырмыз.

Жетім балаларға арналған Соколов мектеп-интернаты да өз тәрбиеленушілерін көңілді шарадан тыс қалдырмапты.

  Наталья Харитонова, жетім балаларға арналған Соколов мектеп-интернатының тәрбиешісі:
– Біздің балалар шарадан мол әсер алып жатыр. Әсіресе тағдыр аяғынан шалып, ата-ана қамқорынсыз қалған немесе жарымжан бүлдіршіндер үшін мұндай шараның маңызы зор.

Жасөспірімдерге өнер ұжымдары мың бұралған би мен әсем әндерден  концерттік бағдарлама ұсынды. Түрлі көңілді конкурстар ұйымдастырылды. Оқушылар қарындаш, бояумен қаруланып, ең көңілді сурет байқауына қатысып, шуақты, шаттыққа толы өмірді қағаз бетіне түсірді.

 Балалар:
– Мен бұл суретпен адамдарға жақсы көңіл сыйлаймын. Барлық адамдар бүгін ғана емес әрдайым күліп жүрулері керек.
– Мен клоуынды салдым. Өйткені ол әрдайым көңілді, балаларды қүлдіреді. Меніңше күліп жүретін адам ол бақытты.

Балалар көңілді суреттерге де түсті. Күлкі өмірді ұзартады дейді. Жасөспірімдер бұл күні мол әсер алып күлкіге қарық болды.  
 

Жеңіс Ермұқанов