Спорт

Жекпе-жекте солтүстікқазақстандықтар озды



 

  
Айбек Хырықбай  – қазақша күрес, самбо, дзюдодан спорт шебері. Түрлі деңгейдегі жарыс жеңімпазының тізімінде бразилиялық джу-джициден әлем чемпионы деген де атағы бар. Спорттан осындай жан-жақты үлкен жетістіктерге жету үшін Айбек 14 жыл бойы тынымсыз жаттығуын доғармаған. Бұл жолы жерлесіміз қоян-қолтық ұрыстан 85 келі салмақ дәрежесінде елімізде өзіне тең келер қарсыластың жоқтығын дәлелдеп шықты. 4 кездесудің екеуінде қарсыласын шыдатпай, жекпе-жекті уақыттан бұрын аяқтады.

 Айбек Хырықбай, жарыс жеңімпазы:
 – Әрдайым жеңіске жетудің құпиясы не? Ол, әрине, темірдей тәртіпке бағынып, уақытында дайындық  жасап, жаттығуды қалдырмау керек. Сескенбей,  жарыстарға көп шығып тұру керек.

90  келі салмақта да солтүстікқазақстандық Георгий Емельянов ерлеп, алтын алқаны кеудесіне тақты. Екі дүркін әлем чемпионы, самбо, кикбоксинг, қоян- қолтық жекпе- жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Георгийге ақтық сында есе жіберіп алған енді бір жерлесіміз Захар Воробей құрама қоржынына күміс алқа түсірді. Ал 90 келіден артық түйе балуандар тартысында Исатай Мақарамов ерекшеленіп, қоладан алқа тақты.

  Исатай Мақарамов, жарыс жүлдегері:
-Бірінші үлкен жарыс болғандықтан сәл қиындықтар болды. Менде кемшіліктер қолда ғана, өзім күреспен айналысамын. Енді қолды қойып алып, әлі де ірі жеңістерге жетеміз.

Жарыс талабы бойынша сайыскерлерге 5 минуттық тартыста аяқ-қолмен соққы жасаумен қатар күрестің шалып жығу, лақтыру және дзюдоның тұншықтыру немесе қарсыласты тырп еткізбей ұстап тұру сынды амал-тәсілдерін қолдануға болады. Өңіріміз байрақты додаға құраманы алғаш рет сайлап жіберген болатын. Дегенмен жергілікті спортшылар намысты қолдан бермей, үздік үштікке іліккендері спорт шебері талаптарын орындап қайтты. Жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз жарысты 17 құраманың ішінен 7-ші орынмен аяқтады. Енді облысымыздың қолма- қол ұрыс шеберлері наурыз айында Мәскеуде өтетін әлем біріншілігіне қамданып жатыр.


 Жеңіс Ермұқанов