Әр түрлі

Әскери жүргізушілер байқауы

 

 

Ішкі әскерлер қатарындағы әр қызметкер әскери істің айла-тәсілдерін бүге-шүгесіне дейін білуге міндетті. Бұл жолы Солтүстік әскери құрылымдарының арнайы көлік нысандарының жүргізушілері сынақ тапсырды. Оқыту жиынының алғашқы күнінде сайыскерлер теориялық тапсырмаларды орындады.

Сергей Поповский,  66/37 әскери бөлімінің авто-бронды танк қызметінің бастығы:
-Алғашқы күні әскери көліктің қосалқы құрал-жабдықтары , құжаттардың сәйкестігі, жол ережесіне сай жарық, дыбыс белгілері секілді әзірліктері, жалпы әскери жарғыны қаншалықты білетіндіктері тексерілді.

Ал жүргізушілердің нағыз жауынгерлік даярлықтары  екінші күні сыналды. Алдымен әскерилер қарумен   нысанды дәл көздей алатындарын дәлелдеді. 66/37 әскери бөлімінің кіші сержанты Рустам Нұрмұқанов “АК-74” автоматынан аса дәлдікпен оқ жаудырып мерген атанды. Бұл кезеңнің үздігі 100 ұпайдың 83-н қағып түсіріп, 3-ші спорттық разряд талаптарын мүлтіксіз орындады.

  Рустам Нұрмұқанов, әскери көлікті жүргізу бойынша нұсқаушы:
-Менің бұндай жарысқа алғаш қатысуым. Әріптестерімнің барлығы тәжірибелі. Үздіксіз жаттығудың арқасында оларды бұл сында айналып өте алғаным мен үшін үлкен жетістік.

Кейін “Калашников” автоматы мен “Макаров” тапаншасы уақытқа бұзып жиналды. Ең тартымдысы соңғы сын болды. Сайыскерлер көліктеріне отырды. Әрбірі бұл істің шеберлері. Десе де тізгінді босатуға әлі ерте. Өйткені 1 600 метрлік жарыс жолы кедергілерге толы және бұл қашықтықты 3 мин 45 секундтың ішінде жүріп өту керек. Соңғы кезеңде асқан шеберлік танытқан 6637 әскери бөлімінің жүргізушісі Данияр Айтимов айналымды әріптестерінен жылдамырақ аяқтады. Ал екікүндік тартыстардың қорытындысы бойынша жалпы есепте петропавлдық бөлімнің кіші сержанты Рустам Нұрмұқанов Солтүстік әскери құрылымдарының үздік жүргізушісі атанды.

Жеңіс Ермұқанов