Әр түрлі

Салықшылар мен салық төлеушілер кездесуі

 

 

 

 

  СҚО салық департаментінің қызметкерлері қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Петропавлда құжаттарды қабылдау және өңдеу орталығын ашқан болатын. Мұнда салық төлеуші өзін толғандыратын барлық сұрақтар бойынша кеңес ала алады. Сонымен қатар салық қызметіндегі жаңалықтармен танысу мүмкіндігі бар. Бастысы фискалды орган мен салық төлеушінің арасында байланыс орнатылған. Яғни салықшылар заңды және жеке тұлғалардың ұсыныстары мен шағымдарын ескере отырып, жұмыс бағдарламасын оңтайландырады. Бүгінгі семинар да соған арналған.

Cәуле Мүсілімова,  СҚО бойынша салық департаментінің салықтық заңнамаларды түсіндіру басқармасының бастығы:
-Елбасы жолдауында мемлекеттік қызмет көрсететін  органдар  өз жұмысының сапасын жақсартып отыруы керек деген болатын. Ол үшін халықпен тығыз жұмыс жасау қажет. Сол мақсатпен біз өткен жылы құжаттарды қабылдау және өңдеу орталығын ашқан болатынбыз. Енді әр салық төлеуші фискалды органға өз ұсыныстары мен шағымдарын тікелей түсіре алады.

Құжаттарды қабылдау және өңдеу орталығы қаламызда 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бастамалары жаман емес. Мұнда қызметкерлердің саны көбейтілген. Бұрынғы ұзын-сонар кезек жоқ. Салық төлеушілер өз жұмысын аз уақытта тындыра алады. Ал салықшылардың қызметіне шағымдар мен ұсыныстарын білдіргісі келсе, оны  арнайы  жәшік немесе терминал арқылы жолдауға болады.

  Қалима Бекішева, СҚО салық депаотаментінің құжаттарды қабылдау және тапсыру бөлімінің бастығы:
– Бізде арнайы компьютер орнатылған. Ол арқылы әр салық төлеуші департамент жұмысына өз бағасын береді. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай толығымен қанағаттанамын, орташа немесе мүлдем қанағаттанбаймын деген белгілерге басады.

Салық төлеуші азаматтар орталықтың жұмысына   риза. Әсіресе, ай сайын есеп беруге келетін бухгалтерлер оң өзгерістерді байқағандарын айтады.

  Қуаныш Қажытаева,  «Рахимжанова» ЖК есепшісі:
-Бұрын кезекте сарғайып күні бойы тұратынбыз. Енді мамандар қатарының қалыңдауымен жұмысымызды 10-15 минутта бітіріп кетеміз. Онда құжаттарды толтырудың үлгілері де қойылған. Ешкімнің соңынан жүгіріп сұраудың қажеті жоқ.

  Ғалима Садуақасова,  «Петропавл су» АҚ есепшісі:
-Жұмыс сапасы ұнайды. Жедел қызмет етеді. Керек ақпараттардың барлығын береді.

Гүлден Сәрсенбаева