Ауыл шаруашылығы

Облысқа австралиялық инвесторлар келді

 

  

 

 

 
“ЭкспоТрейд” компаниясының өкілдері мұхиттың ар жағынан – Австралия елінен келіп отыр. Алыс сапардағы мақсаттары Солтүстік Қазақстан облысынан әріптес тауып, бірлескен мал кешендерін іске қосу. Жергілікті агроқұрылым жетекшілерімен өткен жиында компания өкілдігінің директоры Нұрлан Қараманов Австралиядан жеткізілетін ірі қараның артықшылықтарына тоқталды.

 Нұрлан Қараманов,  “ЭкспоТрейд”  компаниясы өкілдігінің директоры:

-Торпақтардың 98-99 пайызы жергілікті ортаға бейімделгіш келеді. Кез-келген серіктестікке етті және сүтті түрін жеткізе аламыз. Жергілікті жерге келген малды 5 жыл бойы ветеринарлық тексерістен өзіміз өткіземіз. Тең құқылы әріптес ретінде, мемлекет пен бизнес өкілдерімен қатар жұмыс істейміз. Осылайша, Қазақстанға алдыңғы қатарлы технологиялар кіреді. Агроқұрылым өкілдеріне консалтингтік қызметтер – жобалау, ғылыми кеңестер беріп, заманауи генетика, соны идентификацияны кіргіземіз.
 

Солтүстік өңірде бірлескен кәсіпорындар ашу, ондағы әр тараптың үлесі жеке кездесулер мен келісімшарттарда бекітілетін болады. Екі жақ ортақ шешімге келе алса, бұл жобаларды жүзеге асыру индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында 2011 жылдың үлесіне тимек. Ал қазіргі уақытта облыста 9 индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асуда. Сондықтан  облыс әкімі бұндай ұсыныстарға қызығушылық танытатындардың мол болатынына сенім білдірді. Барлығы солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы өнімін шығарушылардың белсенділігіне байланысты болмақ.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Бұл жобалар жүзеге асады деген ойдамыз. Шетел инвесторларын тартып, бірлескен етті бағыттағы мал кешендерін іске қосамыз.

 

 “ЭкспоТрейд” компаниясы Ресей Федерациясы, Украина және Белоруссиямен мықты әріптестік байланыстар орнатқан. 2006 жылдан бері  ТМД елдеріне 40 мың бас асыл тұқымды герефорд пен ангус торпақтары жеткізіліпті. Наурыз айынан бастап австралиялық ірі қараның 4 мыңы Ақмола облысына жеткізілмекші.  

 Гүлмира Шоқтыбаева