Білім

Ксения – республикалық байқаудың бас жүлдегері

 



 

 Абай өлеңдерін нақышына келтіре оқып, әндерін шырқау Ксенияның кішкентай кезінен бергі ермегі. Ал колледж табалдырығын аттаған соң ұстазының арқасында оның мәнерлеп оқуға құлшынысы тіптен артқан екен. Нәтижесі қуантарлық. Республикалық сында Абай оқуларының алғашқы бас жүлдесі Ксенияға тиді.

Ксения Аплеснина, республикалық Абай оқуларының жеңімпазы:
-Конкурсқа қатысушыларды ұйымдастырушылар өте жақсы қарсы алды. Бізді тіпті жұлдыздар сияқты күтті. Сайысқа қатысуға мүмкіндік сыйлаған жергілікті білім басқармасына және колледждің ұйымына көптен-көп рақмет.

Ксения қазір кәсіптік-педагогикалық колледждің 3-ші курсында оқып жатыр. Талапты қыздың талпынысы әйтеуір бір жемісін берерін білікті ұстаз бірден байқапты.

  Бақытгүл Басығарина,  Петропавл кәсіптік-педагогикалық колледжінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
-3 номинация бойынша өтті сайыс. 1. Абай өлеңдерін жатқа оқу. 2. М.Әуезовтың «Абай жолынан» үзінді оқу. 3. Ән айту. Барлық үміткерлер мықты болды. Бірақ біздің Ксениямыз осындай үлкен жүлдеге ие болды.

Қазақ тіліндегі алғашқы сөзді жеңімпаз жерлесіміз 4-ші сыныпта оқып жүріп анасының аузынан естіген екен. Сондықтан ол осы жеңісін ең алдымен анасының еңбегімен байланыстырады. Енді Ксения қазақ тілінде еркін сөйлеуге машықтанбақшы.

 Кәусар Аяпбергенқызы