Құрылыс

Қыркүйектің 30-ы – Интернет күні

 

 

 

 Адамзат дамуының бүгінгі кезеңі нағыз ақпарат ғасыры сипатын алып келеді. Ал ақпарат кеңістігін интернетсіз елестету мүмкін емес. Жаһандану дәуіріне тереңдеп енген сайын біздің елімізде де ғаламторды пайдаланушылардың саны артып келеді. Біздің облыста да дүниежүзілік желіге жүгінетіндер қатары көбейіп отыр.

  Руслан Ахметов, “Қазақтелеком” АҚ СҚ ОТД коммерциялық директорының міндетін атқарушы:
– 2005 жылдан мегалайн қызметін көрсетеміз. Бүгінде 22 мыңнан астам абонент осы қызметке қосылған. 58 пайызын қала тұрғындары құрайды. Айына 300- ден 450 абонентке дейін мегалайн қызметіне жүгінеді.  

Бүгінде ауыл тұрғындары үшін де ғаламтор кеңістігі ашылып отыр. Телефон тартылған елді мекендер халқының интернет қызметін пайдалану мүмкіндігі бар. Жыл өткен сайын заман ағымына сай ғаламтор желісі де дамып келеді. Интернетті қолданатындарға түрлі жаңа қызметтер көрсетілуде. Әрі қызмет сапасы жақсарып келеді.

  Дамир Жарымбетов,  “Қазақтелеком” АҚ СҚ ОТД маманы:
-Қазанның жиырмасынан “Таймшифт” жаңа қызметін енгіземіз. Осы қызметке қосылу арқылы кез- келген абонент қазақстандық телеараналардан тәулік ішінде шыққан ақпаратқа қол жеткізе алады.

Ғаламтор желісінің мүмкіндігі зор. Бүгінде жұртшылық сан қилы ақпаратқа толы интернетті еркін қолданатын жағдайға жетті.

Тұрғындар:

– Интернет бүгінде біздің өмірімізге мықтап енді. Бүкіл ақпаратты желіден аламыз. Тіпті коммуналдық қызмет ақысын ғаламтор арқылы төлейміз.

 -Интернеттің мүмкіндігі зор. Дүниеде не болып жатқанын осы желі арқылы біліп отырамыз. Жылдам ақпарат көзі болып табылады. Жиырма бірінші ғасырды интернетсіз елестету мүмкін емес.  

Бір өкініштісі, жаһандық ақпарат қайнарында қазақ тілді сайттардың саны өзгелермен салыстырғанда теңіздегі тамшыдай ғана. Ал оларды пайдаланушылар қатары мүлде мардымсыз.  

 Айымгүл Әбілева