МТРА жаңалықтары

Өрттің алдын алуға бағытталған рейд

 

Өрт сөндіру қызметіне телефон шалған   тұрғындар  қамыстың жанып жатқанын хабарлаған. Ақпарат түсісімен  құтқарушылар  түтін шыққан жерге асықты. Алайда тілсіз жау 25 га аумақты жалмап үлгерген.

  Айгүл Әбділманова, СҚО ТЖД ақпараттық талдау жұмысы бөлімінің бас маманы:
– Өрт  Петропавл қаласының 2 тұрғын үй секторына қауіп туғызды. Бензострой мен Сенной базаға. Өзіңіз көріп тұрғандай , тұрғын үйлердің иелері қоқысты жинамайды. Соның салдарынан ірі өрт болды.

Бұл күз басынан бергі тіркелген алғашқы ірі өрт оқиғасы. Оны сөндіруге 8 автоцистерна, өртке қарсы 10 тонналық су қоймасы мен 105 адам жұмылдырылды. Оқиға орнына уақтылы жеткен құтқарушылар қанша шапшаңдық танытқанымен, лапылдаған жалынмен 3 сағат бойы күрескен. ТЖД қызметкерлері көлік кіретін жолдардың жоқтығы, жеке сектор маңындағы қоқыс отты дер кезінде сөндіруге кесірін тигізгенін айтады. Мәселен, “Казвторчермет” ғимаратының айналасында шашылып жатқан  целлофандар мен қораптар жалынның лап етуіне әбден қолайлы. Қала әкімшілігі алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін облыстық шұғыл әрекет ету топтарына ауқымды тапсырма жүктеген.

  Сергей Журавлев, Петропавл қаласының бірыңғай анықтамалық диспетчерлік қызметінің бастығы:

-“Таза қала” бағдарламасы аясында санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау қызметі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері қала шетінде орналасқан аудандарда рейд ұйымдастырады. Ауқымды шара аясында белгіленбеген жерлерге төгілген қоқыстардың көзі жойылады. Қажет болса, арнайы жәшіктер де орнатылады.

Ал алдағы аптада шеткері аудандарда қамыстан тазалау жұмыстары жүргізілмек.

Гүлден Сәрсенбаева