Аптадағы маңызды жаңалықтар

Майдангердің ұлы әкесінің қабірін көріп келді



 

 

Әкемнің жерленген жерін көзіммен көріп қайту көптен бергі арманым болушы еді дейді Ерлік ата. Жетпіс беске келген қарияның тілегі биыл орындалды. Ерлік Жәкенов өткен аптада Ресейдің Калуга облысына барып қайтты. Сычево селосының жанындағы бауырластар зиратында болып, әке алдындағы парызын өтеп қайтқан қарияның көңілі орныққан.

  Ерлік Жәкенов, тыл еңбеккері:
Көптен армандадық барып көріп келейік деп. Арманыма жеттім. Әкемнің жатқан жерін көзіммен көріп келдім. Әкемнің басында дұға оқыдым. 2 рет оқыдым. Жылап алдым. Риза болып қайттым.

Әкесі қырық бірінші жылы майданға аттанғанда, Ерлік Жәкенов бес жаста ғана болған. Қырық жетінші жылы қаза тапты деген қара қағаз келеді. Бірақ жерленген жері белгісіз. Майдангердің балалары жазған хаттар жауапсыз қалмай, ақыры әке қабірі табылады. Бірақ ол жаққа барып қайту үшін қаржы мәселесі аяққа тұсау болған. Жәкеновтер отбасы соғыста  қаза тапқан әкелерінің басына барып келу үшін облыс әкімінен жәрдем сұрайды. Өтініші жерде қалмаған қарияның алғысы шексіз.

  Ерлік Жәкенов, тыл еңбеккері:
Топырақ әкеліп жерлеп, аты-жөнін жазып, тас орнаттық. Шешемнің жанына.  Келгеннен кейін  ағайынды жинап, дұға оқыттық. Ризамын. Рақмет Серік Біләловке.

Айымгүл Әбілева

 

 Кеденшілер есірткі тасымалдаушыны ұстады

“Бидайық” кеден бекетінде Ресейдің Омбы қаласына есірткі алып өтпек болған көкшетаулық азамат ұсталды. Қазір сезіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Күдікті Көкшетаудан Омбы қаласында болатын рок- концертке бара жатқан. Ол есірткіні сапарын көңілді ету мақсатында ала шықса керек. Бірақ жас жігіттің қылмыстық ісі “Бидайық” кеден бекетінде әшкереленіп қалды. “Ырза” атты иісшіл ит автобус салонында улы заттың барын сезіп қалған. Кеденшілер есірткінің бір орамын жолаушылар орындығының астынан табады. Автобус қабырғасынан цилиндр формалы етіп оралған өзіндік иісі бар өсімдік тектес зат тағы анықталды. Шұжық тәріздес етіп қапталған екінші ораманы сезікті автобус әйнегіне арнайы жапсырмамен бекітіп қойған. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес автобус салонынан табылған есірткі заты  кептірілген марихуана  болып шықты. Оның жалпы салмағы 102 грамм.

Талғат Байбөрин, СҚО кедендік бақылау департаментінің маманы:
-Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 205 –ші және 259-шы баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Оған сәйкес есірткі тасымалдаушы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері  37 қылмыстық іс қозғаған, соның 9-ы есірткі бизнесіне жатады. Өткен 9 ай ішінде 5,3 килограмм есірткі заты тәркіленген, оның   5,1 келісі  героин.

Гүлнар Бекенова