Қылмыс

Концертке есірткі ала бармақшы болған

 

 

Күдікті Көкшетаудан Омбы қаласында болатын рок- концертке бара жатқан. Ол есірткіні сапарын көңілді ету мақсатында ала шықса керек. Бірақ жас жігіттің қылмыстық ісі “Бидайық” кеден бекетінде әшкереленіп қалды. “Ырза” атты иісшіл ит автобус салонында улы заттың барын сезіп қалған. Кеденшілер есірткінің бір орамын жолаушылар орындығының астынан табады. Автобус қабырғасынан цилиндр формалы етіп оралған өзіндік иісі бар өсімдік тектес зат тағы анықталды. Шұжық тәріздес етіп қапталған екінші ораманы сезікті автобус әйнегіне арнайы жапсырмамен бекітіп қойған. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес автобус салонынан табылған есірткі заты  кептірілген марихуана  болып шықты. Оның жалпы салмағы 102 грамм.

Талғат Байбөрин, СҚО кедендік бақылау департаментінің маманы:
-Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 205 –ші және 259-шы баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Оған сәйкес есірткі тасымалдаушы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері  37 қылмыстық іс қозғаған, соның 9-ы есірткі бизнесіне жатады. Өткен 9 ай ішінде 5,3 килограмм есірткі заты тәркіленген, оның   5,1 келісі  героин.

Гүлнар Бекенова