Билік

Жемқорлар қатары өсіп келеді

 

 

 

Облыс прокуроры Асқар Досекенов өңірде жемқорлыққа қатысты қылмыстар жыл санап өсіп келе жатыр дейді. Ертеректе пара алды деген департамент, басқарма бастығын, аудан әкімін кездестіру өте қиын болатын. Бастықтар заңды бұзудан қаймықты ма, әлде олардың қара ісі көзге түспей келді ме, ол жағы беймәлім. Былтыр мемлекеттік қызметтегілер жемқорлыққа қатысты 62 қылмыс жасапты. Биыл 69 факті тіркелген. 26- сы сот үкімімен жазаларын алды.

 Асқар Досекенов, СҚО прокуроры:
-Қара тізімде мемлекеттік органдар басшыларының аттары көптеп кездеседі.
Экология департаментінің бастығы Оразалинов, Айыртау ауданының бұрынғы әкімі Төлегенов жазаларын өтеп жатыр. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Пыстоговқа жемқорлық пен алаяқтық жасады деген айыптар тағылды. Облыс прокурорлары биыл мемлекеттік мекемелерде жемқорлықтың алдын алуға қатысты 170 тексеріс жүргізген. 1400 заң бұзушылық анықталды. 100 тұлға жауапқа тартылды.

Облыс әкімі мемлекеттік қызметке адамдарды алған кезде аса сақ болу керектігін ескертті. Олар нақты тексерістен өтулері керек. Оңай жолмен ақша табуды мақсат еткендерді айқындауда қаржы полициясы да бірқатар жұмыс жүргізді. Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде әкімдіктерде – 24, салық органдарында -7, білім беру жүйесінде -5, әлеуметтік қамсыздандыруда -6, денсаулық сақтау саласында -3 жемқорлыққа қатысты қылмыстар анықталған. Облыс әкімі Серік Біләлов экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығына жалған кәсіпкерлік фактілерінің алдын алу бағытында сапалы жұмыс істеуді тапсырды. ІІД бастығы Мұрат Урумханов өз қатарларындағы жемқорларды айқындауда біраз істің басын қайырдық дейді.

 Мұрат Урумханов,  СҚО ІІД бастығы:
-2010 жылдың 8 айы ішінде 4 полицей 5 қылмыс жасаған. Оның 3-і жемқорлық қылмыстары. Өз күшімізбен екі пара алу қылмысын анықтаадық.

Жиында кеден және қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің де есебі тыңдалды. Өңір басшысы түзету колонияларындағы кадр саясатын реттеу қажеттігін айтты. Оларды баспанамен қамту жағы да назардан тыс қалған жоқ. Отырыста жемқорлықтың алдын алуға қатысты Жамбыл және Тимирязев аудандарының басшылары да тыңдалды. Бұл аудандарда тіркелген олқылықтырдың бірталайы мемлекеттік қызметшілердің заңды жетік білмеулерінен болған.  Облыс әкімі бармақ бастылықпен күресті тиімді ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
 
 

Дана Ғизатова