Әр түрлі

Туризм күні

 

Қазақстан  – туризм үшін қызғылықты мемлекеттердің бірі. Тарихы бай, табиғаты әсем, көлдері шипалы еліміздің бұл саладағы болашағы зор. Биыл республиканың түрлі өңірлеріне сырттан келушілер мен ішкі туризмді қоса алғанда, 24 мың адам саяхаттап келген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, 67 пайыз  артық. Ал туристерге  бірінші жартыжылдықтың ішінде  171 млн теңгенің қызметі көрсетіліпті.

 Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:
-Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында 2010-14 жылдарға арналған туризмнің басым бағыттарын дамыту қарастырылған. Осы орайда Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің аясында туристік кластер құру жоспарланып отыр, 6 облыста туристік орталықтар іске қосылады.

Солтүстік Қазақстан облысында да жеке туристік кластер жасақтау жоспарланған. Бағдарлама аясында туристік бағыттағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру көзделіп отыр. Мысалы, 2013 жылы 140 адамға шақталған «Жемчужина» орталығы іске қосылады. Айыртау ауданында «Ботай» туристік демалыс орны ашылмақшы. Ал бүгін, дүние жүзілік туризм күнінде осы саланың бастауында жүрген туристік орталықтар атап өтілді. Ішкі туризмді дамытуға үлес  қосып отырған туристік агенттіктің бірі – «Евразия Ин». Бүгінде  мектеп оқушылары мен студенттер осы агенттіктің арқасында еліміздегі көптеген қалаларды аралап, тарихи орындарға саяхат жасады.

Ардақ Дайырова,  “Евразия ІN” ЖШС директоры:
-Астанаға апарамыз, өзіміздің жерімізді көрсетемі
з. Шалқарға, Бурабайға бардық. Біз ойлаймыз, бәрі елімізді жерімізді көруі керек.

Мерекеге орай жергілікті туристік орталық жетекшілері туризмнің құрметті қызметкері, еңбегі сіңген инструкторы кеуде белгілерімен марапатталып, министрліктің құрмет грамоталарына, алғыс хаттарына ие болды. “Тамды” фермерлік шаруашылығының басшысы Жаңабай Пірманов   облыс әкімінің Құрмет грамотасына лайық деп танылды. Ата мекенге оралғалы Айыртау ауданында бүкіл отбасымен  этнотуризмді дамытуды мықтап қолға алыпты. Түйе, қой өсіретін қандасымыз шетелдік қонақтарды тіл үйірер шұбатпен қарсы алады.

Жаңабай Пірманов, “Тамды” фермерлік шаруашылығының директоры:
-Қазақстанға қызығушы елдер көп қой. Қазақтар қалай тұрады екен деп. Біз экотуризм бағдаламасымен жұмыс істейміз. Туристер қазақтардың шаруашылығымен, тұрмысымен танысады.


Бүгінде қазақстандықтар ішкі туризмнен гөрі, шетелде демалып, сауыққанды құп көреді. Туристік фирма өкілдері жағдайды түзеу үшін еліміздегі инфрақұрылымды жақсартып, қызмет көрсету сапасын жоғарылату керек дейді. Әсіресе, нашар жолдар бүгінгі күні туризмді кең көлемде дамытуға мүмкіндік бермей отыр.

Алексей Степанов, “Kazakhstan-reisen” туроператорлық компаниясының директоры:
-Валюттік реттеу жағы қиын. Мысалы, Шығыс Малайзиядан келетін туристерге ақшаны ауыстыру үшін келісімшарт керек, яғни қағазбастылық көп. Жақсы жол қажет. Оның үстіне демалыс орнына жететін қоғамдық көлік болуы тиіс. Бізде бұл жағы әлі ақсап жатыр. Қызметтің құны да өте жоғары. Сондықтан, саяхаттаушыларға Бурабайдан гөрі Түркияға  барған тиімді.

Соған қарамастан, бүгінде туризмнің тасы өрге домалап келеді. Мысал үшін, “Қазақстан райзен” туристік операторы жылына 1,5 мың туриске қызмет көрсетеді. Атап айту керек, бұл облысымыздағы шетелдермен тікелей жұмыс істейтін бірден-бір туристік оператор. Барлығы облыс көлемінде туризм саласында 25 компания қызмет көрсетеді.

 

Гүлмира Шоқтыбаева