Қоғам

Тігіншілер еңбекақысыз жұмыс істеуде



 

Соңғы рет жалақыны қашан алғандарын тігіншілердің көпшілігі дөп басып айта алмайды. Жыл басынан бері жұмысшылар төрт айға төленбейтін еңбек демалысына да барып келген. Жалақыны азық-түлікпен де алып көріпті.

 
  Әзия Игібергенова:

-Төрт ай үйде отырдым, Жаңа жылдан бері алған жоқпын. Бір айдан кейін береді деп жатыр .
Динара Айбатова
:

-Енді шыдайтын шамамыз жоқ. Ақшасыз, жалақысыз күн көру мүмкін емес қой. Еңбекақымызды осы аптада, айдың басында береді деген.

Бүгінде фабриканың 40-тан аса жұмысшысы бар. Көпшілігінің ұжымдағы еңбек өтілі бірнеше онжылдықтармен есептеледі. Фабрикадағы жалақы тапсырыстарға тәуелді. Биыл мардымды тапсырыстар болмапты. Жақында тендерге қатысып, Санкт-Петербургтік “БТК” компаниясына қысқы әскери киім тігуге тапсырыс алған. Сондықтан алдағы айларда жалақы беріліп қалуы мүмкін.

  Шарғия Күшікова, цех бастығы:

– Тапсырыс болса,  жалақы аламыз. Мұндағы тігіншілердің көпшілігі зейнет жасына жақындап қалғандар. Оларға зейнетақы қорына жарна аударып тұру керек.

Бүгінде фабрикада жұмыс қызған. Тапсырыс уақтылы орындалса , жалақының аулы да жақындайды. Тапсырыстан түскен қаржының алдымен жалақы қарызын өтеуге жұмсалуын прокуратура қызметкерлері бақылайды.

Қуаныш Моналбаев, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы :

-Арнайы жұмыс тобы құрылды. Біз осы фабрикадағы жұмысты назарда ұстаймыз. Ақша айналымын қадағалап отырамыз. Қазір жұмыс бар. Тапсырыс үшін қаржы түскен бойда жұмысшылардың жалақысының өтелуін талап етеміз.

Прокуратура қызметкерлері жыл басынан бері жұмыс берушілерге 82 миллион теңгенің жалақы қарызын өтеткен. Осылайша 2000-нан аса адамның қонституциялық құқықтары қорғалды.

Әсем Сембина