Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тазалық айлығы жетпей жатқан аулалар көп

 

Е. Букетов, 14,  М. Жұмабаев, 101 және Интернационал,  29 – осы  үш бірдей көп қабатты тұрғын үйлерге ортақ ойын алаңында бұрынғыдай бүлдіршіндердің сыңғырлаған күлкісі естілмейді. Балалар алаңқайы қаңғып жүрген ит-мысықтардың мекеніне айналған.

  Алла Воронова:

-Мен немеремді ертіп күнде серуендеуге шығамын. Немерем бүгін қандай алаңда ойнаймыз деп сұрайды. Себебі біз басқа аулаларда қыдыруға мәжбүрміз. Біздің алаңқайда мұндай жағдайлар жоқ. 

 

Ауладағы канализациялық құдықтардың қақпағы үнемі ашық жатады. Құдыққа төгілген тұрмыстық қалдықтар сыймай, сыртқа  шашылып жатыр. Мұндай орынға кішкентайларды жіберу өте қауіпті. Бұл жерді абаттандыру “Есіл су” кәсіпорынына жүктелген. Аулаларын осындай күйге жеткізген тұрғындар да тырма, сыпырғыштармен қарулануға асығар емес.

  Лидия Буркова:

-Біздің тұрғындар жинауға бара қоймас. Қаншама үгіттедім, не істейміз, ешкімнің уақыты жоқ, қол сілтеп жүре береді.

Абай, 88, 90,  М Әуезов, 161, Алматы, 39  көпқабатты үйлердің маңайын жөнге келтіруге облыстық өртке қарсы күрес қызметі департаментінің мамандары жауапты. Құтқарушылар қураған ағаш, бұталарды шабумен ғана шектелген. Тұрғындар да ортақ іске біріге қоймаған көрінеді. Хоккей қорабының қоршауы бұзылған, ауланың сәнін кетіріп тұрған қоқысты ешкімнің тазалағысы келмейді. Рига көшесі бойындағы 123-ші үйдің ауласы қарапайым тазалықтан жұрдай. Балалар алаңқайын бүлдіршіндердің ойын орны емес, қоқыс төгілетін жер дерлік.
Ғ. Мүсірепов, 18, 18 “А”  үйлерінің аулаларын биіктігі кісі бойындай арам шөп басып кеткен, қурайдың арасы тұрмыстық қалдықтан аяқ алып жүргісіз. Көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің мамандары мен үй иелері бір жеңнен қол шығарып, ортақ іске үлес қосуды ойламайтын тәрізді. Екі адым жердегі жәшіктер бос, айналасы  тұрмыстық қалдықтарға толы. Ал Парк көшесіндегі 121-ші үйдің ауласдағы жағдай бұған мүлдем қарама-қайшы,  облыстық санитар мамандарға тиесілі аумақ атына заты сай. Мінсіз тазалығы көз қуантады.

  Алексей Деабольд:
-Барлығы әктеліп, сырланды, серуендеп ойнауға өте жақсы болды.
Ауламыз тап-таза.

Жалпы облыс орталығында 400-ден астам аула бар. Тазалық айлығының 10 күні артта қалғанымен, барлығы бірдей тәртіпке келе қойған жоқ.  Ортақ үйіміздің гүлденіп, көркеюі, таза ауамен демалуымыз өзіміздің қолымызда екенін ұмытпаған абзал.

Жеңіс Ермұқанов