Спорт

Спортпен шұғылданбайтындар көп

  

 

 

 

Дені сау, күшті де жігерлі халқы бар елдің өзі де мықты.   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы Жолдауында бұқаралық спорт түрлерін дамыту керектігін баса айтқан болатын. Онда  2020  жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызын спортқа тартып, барынша салауатты өмір салтына баулу керек делінген. Бірақ  бұл ретте аяққа тұсау болатын мәселелер де кездесіп жатады.

  Ерлан Жанғұлов,  “Қазақстанның спорттық одағы” ЗТБ төрағасы:
– Көбіне адамдарды жалқаулық басып, ширақ қимылды талап ететін спортпен айналысқылары келмейді. Жаттыққанның өзінде аяғына дейін жеткізбей тастап кетіп отырады. Спортпен шұғылданатын адам сүйікті әуестігіне аптасына 6 сағаттан кем жұмсамау керек.

Нарық заманында тиын-тебеннің соңында жүріп, денсаулықтың қамында атқарылып жатқан игі істерге араласатындардың қатары тым аз. Спорт одағының облысымызда жүргізген сауалнама қорытындысы бұны дәлелдеп отыр. Мониторинг көрсеткеніндей, солтүстікқазақстандықтардың 10 пайызы ғана спортпен үнемі айналысады екен. Ал 75 пайызы түрлі себептерді сылтауратып, спорттан алшақ жүретін көрінеді. Қалған бөлігі ара-тұра жаттығады. Бұл жағдайды жақсарту үшін өңірімізде түрлі жарыстар ұйымдастырып, үгіт-насихат жұмыстары  жүргізіледі. Таңдауларына сай спорттың 60-тан астам түрінен  секцияларға қатысуға болады.

 Виктор Бестик,  СҚО Туризм және спорт басқармасының бөлім бастығы:
– Облысымызда 2183 спорт нысаны бар. Оның 80 пайызы, дәлірек айтсақ, 1732-сі ауылдық жерлерде орналасқан. 4 ауданда дене шынықтыру, сауықтыру орталықтары ашылды. Олардың санын арттырып, әр ауданда бұндай орталықтардың іргесін қалау жоспарда бар.

Қазақ халқы қашанда денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелеуге ерекше мән береді. Әсіресе соңғы жылдары өңірімізде бұл дәстүрдің қанатын жаюына жақсы жағдай жасалған.

Есләмбек Бекмұрзин,  СҚО ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры:
– Биыл 500-ден артық балалар біздің мектепте тәрбиеленіп жатыр.
8 филиалымыз бар аудандарда. Ұлттық спорт туралы заң да шығады. Бізде бір ғана мәселе бар, ол  – мамандар өте тапшы.

Бұл мәселе Солтүстік Қазақстанда ғана емес, тәжірибелі бапкерлер  өзге облыстарда да  жеткіліксіз.  Жиынға қатысушылар жүктелген аса маңызды тапсырма іске ассын десек, бір ананың балаларындай бірігуіміз қажет дейді.  Бұл мәселелер қағаз күйінде, дөңгелек үстел аясында қалмай іс жүзінде шешімдерін тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

 Жеңіс Ермұқанов