Денсаулық сақтау

Ресейлік кардиохирургтер тағы да Петропавлда

 

 

 

 

Түмендік кардиохирургтер ота жасаған екі баланың бірі  – 2 жасар 7 айлық Жанар Асылбек. Бүлдіршін дүниеге жүрек ақауымен келген. Бұл дерт күрделі отаны қажет етеді. Дәрігерлер кішкене қыздың өмірі үшін төрт сағат күресті.  

Илья Тотолин, Түмен облыстық клиникалық ауруханасының кардиохирургі:
-Қазір емделуші жан сақтау бөлімшесінде жатыр. Жағдайы тұрақты. Жанарға қойылған диагноз ауыр болатын. Операция уақытында жасалды. Жасы ұлғайған сайын баланың сырқаты ауырлай берер еді.

Ал бір күн бұрын түмендік дәрігерлер 4 жасар Ксенияға ота жасаған. Операция сәтті өтіп, жүрек дертімен өмірге келген бүлдіршіннің жағдайы қазір жақсы. Жалпы осы жолы көрші елдің кардиохирургтері 12-14 ота жасауды жоспарлап отыр. Ал үстіміздегі жылдың аяғына дейін 35 балаға операция жасалмақ.

Александр Құдайбергенов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
Түмендік дәрігерлер бізге жарты жылдан кейін келіп отыр. Солтүстік Қазақстан облысына жүрегінде ақауы бар балаларға ота жасауға 43 млн. теңге республикалық транш бөлінді. Түмендіктермен әріптестігімізді әрі қарай кеңейтуді көздеп отырмыз. Біздің дәрігерлер аурухана базасында өтетін операцияларға қатысып, содан соң Түменге оқуға барады. Сөйтіп, осындай күрделі ота жасайтын өз мамандарымызды даярлаймыз.

Сонымен қатар облыстық ауруханада Түменнен келген ультрадыбыстық диагностика мамандары да емделушілерді қабылдады. Айсұлу Қажымжарова дәрігер қабылдауына 6 жасар баласы Оразбайды әкеліпті. Жүрек ауруымен туған балаға төрт жыл бұрын Ресейде ота жасалған.

  Айсұлу Қажымжарова:
үгін баламды тексерістен өткізуге  әкелдім. Денсаулығы жақсы.

Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің түмендіктермен әріптестік орнатқанына биыл сегізінші жыл. Осы жылдар ішінде 500-ге жуық солтүстікқазақстандық бүлдіршінге ота жасалды.

 

Айымгүл Әбілева