Мәдениет

“Қаңбақ шал” сахнаға қайта оралды

 

 

 

 

Биыл облыстық қуыршақ театрының  ұжымы ескі қойылымдарын жаңғыртып, кішкентай көрермендерінің назарына қайта ұсынуда. Солардың бірі – бұдан үш-төрт жыл бұрын сахналанған «Қаңбақ шал» спектаклі. Кеңінен танымал туындының кейіпкерлері таза қазақ тілінде сөйлеп шықты. Қойылым өмірде жақсылық пен жамандықтың әркез бірге жүретінін мазмұндайды. Ертегіде 4 кейіпкер бар: Қаңбақ шал, оның иті, түлкі және қара дәу. Ал олардың рөлін 3 әртіс шебер сомдап шықты. Қай ертегіде болмасын жағымсыз кейіпкер саналатын түлкі осы жолы да жүрген жерінде қулығын асыруға тырысып бақты. Ертегі желісі бойынша айлакер қаңбақ шалдың тамағына ауыз салмақшы болғанымен, ойлағаны жүзеге аспай қалады. Қулықпен қатар кекшілдігі бар кейіпкер қарияның сыбағасын беру үшін қара дәуден көмек сұрайды. Сөйтіп, білектің күшіне ғана сенетін ақымақты қаңбақ шалға оңай айдап салады. Алайда ақылды шал біреудің айтағына тез еретін дәуді түлкінің өзіне қарсы қояды. Біреуге ор қазған жағымсыз кейіпкер ақырында апанға өзі түседі. Жалпы ертегі жастарды адал болуға, адамгершіліктен айырылмауға шақырды. Диана Садуақасова қуыршақ театрының ұжымына жақында ғана қосылыпты. 22 жасар әртіс өнердегі жолын жаңа бастағанымен қойылымдағы екі рөлді өзі ойнап шықты. Бірде күшіктерше шәуілдеп, бірде қара дәудің жуан дауысын келтіріп, ақырған қыздың талантына бүлдіршіндер тәнті болды.

  Диана Садуақасова,  облыстық қуыршақ театрының әртісі
 –Әртіс талантты болуы керек. Кей кездерде екі рөлден де көп кейіпкерді сомдаймыз. Мен өзім осы театрға жаңа ғана келдім. Ал ұжым мені жақсы қарсы алды.

Сахнаға шыққан кейіпкерлермен кітаптағы әңгіме-ертегілерден таныс балдырғандар қойылымды жақсы қабылдады. Оның үстіне қазақша сөйлеген кейіпкерлер де  кішкентай көрерменнің көңілінен шықты.

 Балалар:

-Маған шал, ит ұнады.
 -Қызық болды.

Театр ұжымының алдағы уақытқа қойған жоспарлары ауқымды. Әртістер бүлдіршіндерді қазақ тіліне үйрету үшін орыс ертегілерін қазақ тілінде сахналамақшы.

Гүлден Сәрсенбаева