Жол картасы

«Жол картасы» бойынша қаржының жұмсалуы бақылауда

 

 «Жол картасы» әлемдік экономикалық дағдарыс тұсында әлеуметтік салаға үлкен қолдау болды. Бағдарлама аясында қамтылмай қалған ауыл болған жоқ. Облыс әкімі мұның барлығы орасан зор қаражатты талап ететінін ескертті. Қаржының орнымен жұмсалуын ведоствоаралық комиссия ұдайы қадағалап отырмақ.

 Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:
-«Жол картасы» бағдарламасының аясында 141 жоба анықталған. Қазіргі таңда 107 жоба бойынша жұмыс аяқталды.
34 нысанда жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда бөлінген қаражаттың 93 пайызы игерілді.

Асқар Сақыпкереев «Жол картасы» негізінде 5 348 жұмыс орны пайда болды дейді. 5 345 адам еңбекпен қамтылған. Облыс прокуроры Асқар Досекенов бағдарлама аясында кәсіп меңгеріп алып, жұмысқа тұрмай жүрген адамдардың қатарының қалың екенін айтты. Тіпті жалған тізім жасап, өздерінде жұмыс істемейтін адамды еңбек етіп жүр деп көрсеткен ұжымдар да бар. Бір адамды үш ай оқытып, кәсіпке үйрету үшін мемлекет 72 мың теңге жұмсайды екен. Облыста мұндай тізімге 1 656 адам алынған. Комиссия өкілдері болашақта мамандық алуға келген адамдармен келісім-шартқа отыру керектігін ескертті. Егер ол адам жұмыс істеуге келіспесе, мемлекет жұмсаған қаражатты қайтаруға міндеттеледі.

Серік Біләлов, СҚО  әкімі:
-Биылғы жылы мамандық меңгерген адамдардың тізімін жасап, олардың қандай орындарда жұмыс істеп жүргенін тексеру керек. Ақпарат бір айдың ішінде дайын болатын болсын.

Облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында құны 2 млрд теңге болатын 33 жоба жүзеге асырылып жатыр. «Жол картасы»  аясында су, электр, жылу желілерін қалпына келтіру жоспарланған. Атқарылған жұмыс аз емес. Бірақ  кемшіліктер де жетіп артылады.

Асқар Досекенов, СҚО прокуроры:
Аққайың және Жамбыл аудандарында 2009 -2010 жылдары екі су мұнарасы жұмысқа қосылды. Жамбыл ауданындағысы ағымдағы жылдың ақпан айында, жел соққанда құлап қалды. Аққайың ауданындағысы да құлап қалуы мүмкін. Қазір екеуі де жұмыс істемейді. Біреуіне 13, екіншісіне 15 млн теңге жұмсалды. “Петро Билдинг” ЖШС жұмыс жүргізген.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяев су шығатын мұнараның фундаменті ескі болған дейді. Маңызды нысанның іргетасын мердігер қаржы қарастырылмады деп мықтамаған. Прокуратура бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғап отыр.  Аймақ басшысы оған кінәлілерді жазалауды тапсырды. Сондай-ақ комиссия білім беру саласындағы «Жол картасы» бағдарламасының орындалуы жайлы ақпаратты тыңдады. Бұл салада да заң бұзушылықтар бар болып шықты. Жаңа оқу жылында жұмыс істеуге дайын деген мектептердің негізгі бөлігі өрт туралы хабарландыратын дабылмен қамтамасыз етілмеген. 8 мектептің жылу қазандығы ғимарат ішінде орналасқан болып шықты. Бұл балаларға өте қауіпті. Фактілерді оқу ошақтарына тексеру жүргізген прокурорлар анықтапты. Облыс әкімі 8 мектептің жылу қазандығын сыртқа шығару қажеттігін айтты. Өзге де кемшіліктер аз уақытта жойылуы керек.

Серік Біләлов, СҚО  әкімі:
Осы сегіз мектепке қатысты жоба әзірленсін. Оларға жылу қазандығы орналасатын бөлек ғимарат салу немесе қолда барын  қалпына келтіру мәселесі шешілсін. 2010-11 жылға мектептердегі өрт қауіпсіздігін реттеу, дамбылмен қамту жағдайын жақсарту керек.

Облыс әкімі «Жол картасына» қатысты негізгі құрылыс жұмыстарын қазан айына дейін аяқтауды міндеттеді. Жыл соңына дейін бағдарлама бойынша бөлінген барлық қаражат игерілуі керек.
 

 

Дана Ғизатова