Мәдениет

«Бір ел – бір кітап» акциясы

 

Фархат Тастамбеков – мектеп қабырғасынан поэзияға жақын жастардың бірі. Студент Абай, Мағжан, Мұқағали, Жұбаннан  үлгі алып, оларды пір тұтады. “Сүйікті ақындарымның бірі Жұбан Молдағалиевтің “Мен қазақпын” поэмасы биыл жыл туындысы мәртебесіне ие болғанына қуаныштымын дейді Фархат.

  Фархат Тастамбеков, студент:
-Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасы –  нағыз патриоттық тақырыптағы шығарма. Жұбан Молдағалиев халықтың жүрегіне қонымды, ұйқасы керемет туынды тастап кеткен.  

«Бір ел- бір кітап» акциясы биыл төртінші жыл ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын еліміздің азаматтары бір шығарманы оқып, талқылайды, ой бөліседі. Бұл акция қазақ әдебиетінің алтын қорына енген құнды туындыларды насихаттап, жастарға рухани-патриоттық тәрбие беруді көздейді.

 Гүлмира Темірова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ қазақ әдебиеті оқу залының меңгерушісі:
– Осы поэма біздің жүрегімізде еліміз бен жерімізге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. Бүгінгі күні бұл поэма біздің ұлтымызға ғана емес, бүкіл халықты біріктіру үшін қызмет етуде.

Кейінгі толқын өкілдері тәрбиелік мәні зор ақын шығармаларын зор ынтамен оқитындарын айтады.

Оқырмандар:

Біз бүгін «Бір ел- бір кітап» акциясына үлес қосып отырмыз. Көптеген оқушылар өз баяндамаларын дайындап әкелді. Құрбым екеуміз ақынның өлеңін жатқа оқимыз.
«Бір ел – бір кітап» акциясына атсалысып жатырмыз. Бұл кешке біз өте жақсы дайындалдық деп ойлаймын.Мен ақынның «Мен қазақпын» поэмасын жатқа айтамын.

Жұбан Молдағалиевтың 30-ға жуық жыр жинақтары жарық көрген. Студенттер мен оқытушылар бұл кітаптарды бүгін кітапхана көрмесінен тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

 Айдана Серғазықызы