Білім

Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдегі сынақ алаңы

 

 

 

 

 

 Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында республика мектептерін 12 жылдық білім беру моделіне көшіру қарастырылған. Петропавлда 12 жылдық эксперименталдық білім беру жүйесіне №5 орта мектеп пен Әл-Фараби атындағы мектеп-лицей  көшкен. Соңғысында жаңа жүйе бойынша 3 сыныпта 34 оқушы білім алуда.

  Толқын Рақымова, сынып жетекшісі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

-Басқа балаларға қарағанда эксперименталдық сыныптың оқушылары өз ойын еркін жеткізе алады, өте жинақы келеді.

Аталған жүйенің оқулықтары, тіпті күнделікті сабаққа қажетті дәптерлері де арнайы тапсырыс арқылы алынып, оқушыларға тегін таратылады. Өйткені сынақтағы оқыту жүйесінің бағдарламасы жай мектептердегі білім беруден өзгешелеу.

  Зәуреш Жиентаева, Әл-Фараби атындағы мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
-Бағдарламаның ерекшелігі: 3 құзырет бойынша білім беріледі.

 “Сыни тұрғыдан ойлау және жазу” стратегиясын ұстанған мектеп ұжымы біліктілік  арттыру жолында көп ізденеді. Ұстаздар қауымы жыл сайын облыс орталығында, Көкшетау, Астана, Алматы қалаларында мұғалімдер біліктілігін арттыруға байланысты ұйымдастырылатын арнайы курстарға қатысады. Өйткені 12 жылдық білім беру жүйесінде ұстаз тек пәнді оқытушы ғана емес, сонымен бірге менеджер әрі үйлестіруші ретінде де танылады. Үстіміздегі оқу жылынан Қазақстанның барлық білім беру мекемелерінің оқыту бағдарламасына Өзін-өзі тану пәні енгізілгені белгілі. Бұл жүйе бойынша да серпінді жұмыс атқарылып жатыр. Әрдайым ізденісте, баланың бойына білім нәрін мейлінше тереңдетіп сіңіру жолында бар күш-жігерін сарқып жүрген ұстаз қауымы алдағы демалыс күндері кәсіби мерекелерін атап өтпек. 2011-2020 жылдар аралығында 12 жылдық білім беру жүйесі Қазақстанның барлық мектептерінде енгізілмек. Құзыретті педагогика әдістемесі оқыту бағдарламасының негізгі бөлігі болып табылады.

Гүлнар Бекенова