Билік

Демалыс күндері облыста бірнеше үлкен өрт тіркелді

Селекторлық кеңесте алдымен өткен демалыс күндері облыс аумағында орын алған өрт зардаптары көрсетілді. Биылғы құрғақ жазда өрт оқиғлары жиілегені белгілі. Жыл басынан бері 792 өрт тіркелген. Келтірілген материалдық шығын 444 миллион теңгені құрады. Құтқарушылар отты ауыздықтауға тұрғындар көмек көрсетпейтінін айтады. Бірақ тілсіз жауды ауыздықтауға қарапайым тұрғындардан бұрын қызметтік міндеттері бойынша апат орнында болуы тиіс жауапты тұлғалар да асықпайтын сыңайлы. Сенбі күні Аққайың ауданында болған оқу-жаттығу кезінде шартты түрде шыққан өртті сөндіруге бір кісідей жиналғандар  шынымен апат орын алғанда төбелерін көрсетпей қойған.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

-Аққайың ауданындағы өрт он бес минутсыз жетіде басталған. Ал сағат 11 кезінде бұл маңда екі техника мен орман шаруашылығының бастығынан басқа ешкім болған жоқ. Не аудандық ішкі істер бөлімінің адамдары, ауылдық округ, аудан әкімі, орынбасарлары- бірі де қараларын көрсетпеді. Екі сағаттың ішінде сөндіретін өртті түнгі екіде бірақ ауыздықтадық.

Әзірге шығын көлемі есептеліп жатыр. Биыл 82 орман өрті тіркелген. 600 рет орман және далада өрт шыққан. Бірақ бір де бір қылмыстық іс қозғалған жоқ. Сондықтан  әр оқиға бойынша нақты тергеу жүргізетін уақыт жеткен сияқты.  

Досмұрат Ақанов, Солтүстік Қазақстан облысы табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:

Бұл жерде техника жоқ деп ақталудан аулақпыз. Біз шамамыз келгенше өртпен алпарыстық. Бірақ  аудандармен бірлесе жұмыс істеу туралы жоспар  бар. Оған қаншама басшының қолдары қойылып, мөрлері басылған. Оқу – жаттығу кезінде барлығы нақтыланған: 60 адам, су құятын ыдыстары бар 4 техника, адамдарды жеткізетін 4 автобус бөлінуі керек еді. Бірақ  өрт басталғанда кешкі сегіз жарымда 3 адам мен “Зенченко” серіктестігінің К-700 тракторын алып, ауылдық округ әкімі ғана келді. Осы техниканың арқасында ғана өрттің әрі қарай жылжуына жол берілмеді.

Петропавлда орын алған өрт кезінде де тиісті қызметтер ұйымдаса жұмыс істей алмады. Жексенбі күні Бензострой ауданында жалпы аумағы 25 гектар қамыс отқа оранды. 17.05 минутта басталған өрт үш сағаттан соң бір-ақ ауыздықталды.

Антон Макаров, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Өрт кешкі сегізде техника мен жауынның арқасында сөндірілді.

Көп күшке, әйтеуір, жауын қосылып, өрт ауыздықталды. Бірақ өз міндеттерін орындауда жауапсыздық танытқан лауазымды тұлғалар жазасыз қалған жоқ.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде атқармағандары үшін Аққайың ауданының әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаевқа сөгіс жариялансын. Петропавл қаласының әкімі Нұржан Кемерұлы Әшімбетовке ескерту жасалсын. Рүстем Елубаевқа аудан әкімінің орынбасары Насиді, төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша бас маман Скрипконы, Лесное ауылдық округінің әкімі Бабаковты тәртіптік жауапқа тарту тапсырылады. Ауыл әкімі бойынша оны қызметінен босатуға дейінгі шаралар қарастырылсын. Үлкен жауапсыздыққа жол беріліп отыр.

Облыс әкімі өрт сөндіруге көмектесетін еріктілер тобын жасақтауды тапсырды. Оқу-жаттығу жұмыстарын қайталаған да артық болмайды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Он күннің ішінде ауқымды оқу-жаттығу өткізілсін.Барлық қызметтер қалай жұмыс істейтінін көруіміз керек.

Селекторлық кеңесте Азық-түлік келісімшарт корпорациясына астық тапсыру мәселелері де қаралды. Бүгінде корпорация өкілдігі 326 ауылшаруашылығы құрылымымен келісімге отырған. Биыл солтүстікқазақстандық ауылшаруашылығы тауар өндірушілері 330 мың тонна астықты тұрақтандыру қорына тапсырулары керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Қазанның 15-не дейін астық тапсыру жұмысын толық аяқтауды тапсырамын. Квота көлемі белгіленген. Жалпы жиналған 4 миллион тоннадан аса астықтың 300 мың тоннасы 8-9 пайызды құрайды. Бұндай астықты тапсыруға болады. Сондықтан бұл жұмысты уақытында аяқтауымыз керек.
 

 

Әсем Сембина