Ауыл шаруашылығы

Аграрийлер мемлекеттен несие алуға неге ықылас білдірмей отыр?

 

 

 

 “Казагрофинанс” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дулат Айтжанов солтүстікқазақстандық ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен жыл сайын кездеседі. Осындай тығыз байланыстың арқасында он жылда облыс агроқұрылымдары 2,5 мың дана ауылшаруашылығы техникасын алған. Облысқа 26 млрд теңгенің инвестициясы құйылған. Өңіріміздегі “Зенченко и К”, “Тайынша-Астық” сияқты шаруа қожалықтары мен серіктестіктер осы компания арқылы мал шаруашылығын дамытып отыр.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-“Зенченко и К” серіктестігіндегі жобаның тиімділігін бүгіннің өзінде көруге болады. Бір жылда фермадағы әр сиыр 67 мың литр сүт береді. Жоспарда 8 мыңға жеткізу бар. Ал бұған дейін 3-3,5 мың литр үлкен көрсеткіш көрінетін.

Бірақ биыл “Қазагрофинанс” арқылы бір де бір жоба жүзеге асырылмаған. Ал компанияның ауыл шаруашылығы құрылымдарына ұсынары мол. Дулат Айтжанов әр бағыт бойынша жекелей тоқталды. Сүт фермасы, жылыжайлар, құс фабрикаларын, көкөніс сақтайтын қоймалар салу сияқты жобаларды жүзеге асыруға компания қаржы бөлуге әзір.

  Дулат Айтжанов, “ҚазАгроФинанс” АҚ басқарма төрағасы:

Бюджеттік қаржы бар. Бірақ көп емес. Өзге аймақтар жобаларын тапсырып жатыр. Сондықтан жүзеге асыратын жобаларыңыз болса, жедел құжаттарыңызды тапсырыңыздар.

Жылыжайлар құрылысы, құс фабрикасын іске қосу сияқты жобалар Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарында қарқынмен жүзеге асырылып жатыр. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер әзірге шегіншектеп отыр. Ал құжаттарын тапсырғандар өтініштердің қаралу мерзімінің ұзақтығын айтады.

  Сергей Звольский, “Астық -СТЕМ” ЖШС директоры:

-Құжаттарды қарау мерзімі өте ұзақ. Біздің құжаттармен айналысуға бар-жоғы екі-үш айымыз ғана бар. Мен бірнеше рет Германиялық компаниялар өкілдерімен кездестім. Олардың пайыздық ставкалары да төмен, құжат қарастыру уақыттары да азырақ. Сіздерден бұрын бізге германиялық компаниялар жақындап келеді.

Үш жылдан бері “Қазагрофинанспен” жұмыс істеп жатқан Сергей Звольский әріптестеріне ауылшаруашылығы саласындағы жаңашылдықтарды барынша тиімді пайдалануға шақырды. Биыл “Астық-СТЕМ” серіктестігі тамшылап суару әдісін қолданып, гектарынан 50 тоннадан сәбіз алған.  “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ арқылы облыс ауылшаруашылығы құрылымдарына 9,6 млрд теңге бөлінген.
Өңір басшысы облыстың ауылшаруашылығы еңбеккерлерін жаңа жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

Үлкен тәжірибелеріңіз бар, шаруашылық басшыларысыздар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүгінгі күні ауылшаруашылығы саласынан барынша мол өнім алу талабы қойылған. Бұл компания басшыларымен екі жылдан бері кездесіп жүрміз. Бірақ нәтиже болмаған. Енді алдағы жылы жақсы екі-үш жоба ұсынамыз деп ойлаймыз.

Шаруашылық басшылары басқарма төрағаларына сауалдар қойып, ұсыныстарға қызығушылық танытты.

 Әсем Сембина