Әр түрлі

Салық салынатын нысанды тіркеу есебіне қою міндетті

 

 

 

 

  

Кәсіпкерлерге ашылған дербес салық шотына салық төлеушінің банктер арқылы өткен барлық төлемдері түседі. Сөйтіп, салық органдарының қызметкерлері автоматты түрде реттелетін шоттан заңды тұлғалардың берешектері жайлы біліп отырады. 2010 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап  енгізілген  өзгерістер  бойынша  салық төлеу объектісі тіркеу есебіне қойылмаған жағдайда салық төлемдері мен есептері тұлғаның дербес шотына түспейді.

Жібек Клюкова, СҚО бойынша салық департаментінің салықтық заңнамаларды түсіндіру басқармасының бас маманы:
-Меншік, тұрақты жер пайдалану, бастапқы өтеусіз уақытша жер пайдалану, уақытша өтеулі жер пайдалану, уақытша иелену және пайдалану, сенімгерлік басқару құқығында салық салу объектісі және салық салуға байланысты объектісі бар жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар мұндай құқықтар туындаған күннен бастап, он жұмыс күні ішінде салық салу объектісінің және салық салуға байланысты объектінің орналасқан жері бойынша салық органына тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтініш беруге міндетті.

Мамандар тіркеу есебіне тұрмаудың арты  соқпақты дейді. Мәселен, жеке кәсіпкер билбордқа жарнамасын орналастырып, ай сайынғы салықты уақытылы төлеп тұрды дейік. Дегенмен, салық органына тіркеу есебіне тұрмаған салық төлеушінің төлемдері  оның есеп шотына тіркелмейді. Сондықтан оған салықтан жалтарды деп айыппұл салынады.

  Сәуле Мүсілімова, СҚО бойынша салық департаментінің салықтық заңнамаларды түсіндіру басқармасының бастығы:
-Айыппұл салынбас үшін салық салу объектісін біздің органға 10 күн ішінде тіркеу есебіне тұрғызу қажет. Егер тіркелмесеңіз,  ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 205- бабына сәйкес жеке кәсіпкерлерге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып салынады, шағын және орта бизнесі барлар үшін бұл мөлшер 15 есептік көрсеткішке дейін өссе, ірі кәсіп иесі үшін 35 айлық есептік көрсеткіш болады.

СҚО бойынша салық департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері 121 жеке кәсіпкер айыппұл төлегендерін айтады.  

 

Гүлден Сәрсенбаева