Әр түрлі

Екі елдің азаматы болу заңға қайшы

 

 

 

 

Қосазаматтық Ата заң талаптарына қайшы келгенімен, мұндай мүмкіндікке ие болуға ұмтылатындардың саны өсуде. Мәселен,  2010 жылдың 8 айының ішінде СҚО-да ғана 2 азаматтық алудың 81 фактісі анықталды.

  Қорлан Жұмабаева, СҚО әділет Департаменті халықты құжаттандыру және тіркеуді ұйымдастыру жұмыстары бойынша бөлім бастығы:
-Өкінішке қарай, мұндай азаматтар қылмыстық жазаға тартылмайды. Тек бір ғана шара қолдана аламыз. Ол – Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру.

Сондықтан  болашақта қос азаматтық  алып, заң бұзушылыққа барғандар еліміздің  азаматы бола алмайды, мемлекеттік қызметте істеу құқығын да жоғалтады.

 Қорлан Жұмабаева,  СҚО әділет Департаменті халықты құжаттандыру және тіркеуді ұйымдастыру жұмыстары бойынша бөлім бастығы:
 -Қос азаматтықты алудың негізгі себебі – материалдық пайда. Мысалы қосазаматтықтың арқасында зейнетақы, түрлі жеңілдіктерге ие болу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар екі ел арасында еркін жүріп тұруға болады.

  Осындай заң бұзушылықтарға баратын алаяқтар алдымен төлқұжаттың жоғалғанын мәлімдейді. Кейін ол құжаттарын ресейлік құзырлы органдарға тапсырады да, өздері жергілікті әділет департаментінен жаңа құжат алады. Ресейде жалған құжаттың негізінде уақытша тіркеуге тұрып, кейіннен азаматтық алу мүмкіндігі бар. Осылайша екі ел де азаматтың мұндай заңсыздыққа барғанын аңғармайды. Соңғы кезде осындай қылмыстарға жол бермес үшін екі мемлекет бір шешімге келді. Енді қазақстандықтар азаматтығын ауыстыратын болса, Ресей Федерациясы барлық құжатты біздің елге тексеруге жібереді. Негізінен қосазматтық кеден бекеттерінде әшкереленіп жатады.

  Самат Жұмақанов, “Петропавл теміржол станциясы” кедендік бақылау бөлімі бастығының орынбасары:
 -Кейде шекарадан өтетін адамдар төлқұжаттарын киімдеріне, сөмкелеріне жасырады. Бірақ кедендік бақылаушылар мұны анықтап, тиісті шаралар қолданады.

Бүгінде әділет департаменті қосазаматтыққа жол бермеудің жаңа жолдарын іздестіруде.