Білім

Ақпараттық-насихат тобы білім беру саласы өкілдерімен кездесті

 

 

 

  
Бүгінгі күні бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту облыста алпыс бес пайызды құрайды. Жыл соңына дейін көрсеткішті жетпіс алты пайызға жеткізу көзделіп отыр. Осы орайда өңірде жаңа балабақшалар салынып, шағын орталықтар ашылып жатыр. Өткен жылы пайдалануға берілген “Балдәурен” балабақшасында 14 топ тәрбиеленеді. Бүлдіршіндер бұл жерде үш тілде білім алады. Ал қазақ мектеп-гимназиясындағы шағын орталық 50 балаға тәрбие береді. Білім және ғылым министрлігінің өкілі Әкімгерей Көшербаев оқушылар және ұстаздармен кездесіп, білім беру жүйесіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді сөз етті. Бүгінде елімізде 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың бағдарламасы әзірленді. Құжатта мектепке дейінгі тәрбиеден бастап, орта және жоғары білім беруді жаңғырту мәселелері  жан-жақты қамтылған.

 

Әкімгерей Көшербаев,  ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары:
-Қашықтықтан оқыту, профильдік мектептер ашу жолдары қарастырылған. Соның ішінде электрондық оқуға үлкен көңіл бөлінеді. Себебі дистанциялық оқыту арқылы жақсы мұғалімнің шалғайдағы оқушыға дәріс беруіне болады. Бұл үлкен жетістік.

Білім сапасын жақсарту үшін ұстаздардың мәртебесін көтеру қажет.  Ең алдымен, мұғалімдердің жалақысын өсіру жағы шешілмек.

  Әкімгерей Көшербаев,  ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары:
– Мұғалімдердің мәртебесіне келетін болсақ, жалақыларын көтеру жағы қарастырылған. Бұл Үкімет тарапынан қолдау тапты. Мұғалімдердің орташа жалақысын республикалық орташа жалақыға теңестіргіміз келіп отыр. Бұған қаражат мөлшері белгіленді. Қазір бағдарламаны рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

12 жылдық білім беру жүйесі – заман талабы. 2015 жылдан осы жүйеге біртіндеп көше бастаймыз. Сөйтіп, 2020 жылы еліміздің білім беру жүйесіне 12 жылдық модель толықтай енгізілмек.

Оқушы:

-9 жыл ішінде мектеп бағдарламасын меңгереміз. 10-11 сыныптарда оны әрі қарай жетілдіреміз. Ал 12 сынып не үшін қажет?
Жауап:

-10-11 сыныпта орта білім алып, 12 сыныпта бөтен білім аламыз деп ойламаңыздар. Орта білімнің мазмұны 12 жылға созылады. Оның структурасы белгілі: 4+6+2 деп отырмыз. Бұл жерде сіздер орта білімді 12 сыныпта ғана алып шыға аласыздар.

Әкімгерей Көшербаев барлық өзгерістердің қазақстандық білім беру жүйесін қазіргі заманға сай дамытып, жаңа сатыға көтеру мақсатында жасалып жатқанын айтты.

Айымгүл Әбілева