Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімі бірқатар көкөніс шаруашылықтарында болды

 

   

 

 

 

 “Қызылжар- Ақбастау” коммуналдық базарының көкөніс қоймасында бүгінгі күні Павлодардан жеткізілген 30 тонна картоп пен сарымсақ қана бар. “Шапағат” дүкендер желісінде картоптың  келісі қазірде 65 теңгеден сатылып жатыр. Ал «Южный»  базарында   – 80 теңге. Қуаңшылықтың кесірінен биыл картоп шығымдылығы төмен. Осы себепті сауда орындарында қазірде екінші нан бағасының қымбаттағаны байқалады. Жергілікті билік бұған жол бермеу үшін тиісті шараларды қолға алмақ. Коммуналдық базардың қоймасына жеміс-көкөніс жергілікті тауар өндірушілерден жеткізіледі деді облыс әкімі Серік Біләлов. Бұл жерде өнім төмен бағамен өткізіледі. Ал қоймада осы жеміс-көкөністі сақтайтын контейнерлер жетіспейді екен. 1000 данасын сатып алу үшін 3 млн теңге қажет. Өңір басшысы бұл мәселені шешуге көмек көрсететінін айтты.  Облыс әкімі “Наурыз-2030” ЖШС-нің алқаптары мен көкөніс қоймасында болды. Серіктестік директорының орынбасары Нина Оттың айтуынша, биыл картоп шығымдылығы аз. 100 тонна жиналыпты. Қырыққабат – 800 тонна. Серік Біләлов қайткен күнде де 20 тонна картоп пен 100 тонна қырыққабатты “Қызылжар-Ақбастау” базарына өткізу керек екенін айтты. Облыс әкімі “Лесной” серіктестігінің алқаптарына да соқты. Бұл жерде де биыл картоп шығымдылығы жоғары емес. Серік Біләлов 20 тонна көкөністі коммуналдық базар сатып алатынын айтты.
“СБИ-Агро” серіктестігі биыл 200 гектар жерге картоп салған. 2000 тонна өнім жинап алуды жоспарлап отыр. Бұл жерде де облыс әкімі көкөністің 15-20 пайызын базарға жеткізу қажеттігін ескертті. Жалпы үстіміздегі жылы облыста 250 мың тонна картоп жиналады деп күтілуде.  

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
-Бұл облыс халқын  көкөніспен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. “Қызылжар-Ақбастау” коммуналдық базары арқылы өнімді төмен бағамен өткіземіз. Бұл нарықта бағаны тиісті деңгейде ұстап тұруға жағдай жасайды. Бізде базарға үнемі жеміс-көкөніс жеткізіп тұратын тауар өндірушілер бар. Олардың қоймаларында жеміс-көкөніс қоры жеткілікті. Барлық қажетті шаралар қолға алынып, жеміс-көкөніс бағасының шарықтауына жол берілмейді.

 Айымгүл Әбілева